Шешуші сәтте жеңілсем АҚШ-тың, жеңсем Қазақстанның әнұраны ойналады деген ой күш-қуат берді - Нанкин Олимпиадасының чемпионы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шешуші сәтте жеңілсем АҚШ-тың, жеңсем Қазақстанның әнұраны ойналады деген ой күш-қуат берді. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбаары Гүлшара Әбдіқалықованың ІІ жасөспірімдер Олимпиадасының жүлдегерлерін құттықтауы кезінде еркін күрес бойынша (54 келі) Алтын медаль иеленген Мұхамед Қуатбек айтты.
"Жарыстың барлық кезеңдері оңайға соққан жоқ. Барлығында намысқа тырысып, бар күшімді салуға тура келді. Ал шешуші сәттегі белдесуде америкалық балуанмен шықтым. Егер жеңілсем, АҚШ-тың әнұраны ойналады, ал егер жеңсем қазақ елінің әнұраны ойналып, көк байрағы желбірейді деген намыс бірінші орында тұрды. Ең қиын белдесу де осы болды. Қазақтың намысын қолдан бермес үшін бар күшімді салдым. Қажымұқанның ұрпақтары қандай екенін әлемге танытқым келді және сол арманыма жеттім деп ойлаймын", - дейді жас балуан.
Оның айтуынша, алдағы жоспары бойынша 2016 жылғы Бразилияда өтетін Олимпиадаға қатысуды мақсат тұтады.
"Құдай қаласа, 2016 жылғы, одан кейін 2020 жылғы Олимпиадаларға қатысып, жүлделі оралсам деген ниетім бар", - дейді М. Қуатбек.