Шет елдерде шамамен 2 мыңға жуық Қазақстан азаматы сотталып, жазасын өтеуде - И. Меркель
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Мажарстан арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.
Аталған келісім уағдаласушы тараптардың азаматтарын өздері азаматы болып табылатын мемлекетте жазасын одан әрі өтеу үшін беру мәселелерін реттеуге бағытталады. Соның ішінде тұлғаларды беруде ол сол елдің азаматы болуы және оған жасалған үкім нақты күшіне енген болуы шарт. Егер уағдаласушы тараптардың бірі ондай ұстап беру ел егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртіпке залалын тигізеді деп санайтын болса, онда ұстап беруден бас тартылуы мүмкін.
«Шет елдерде менің білуімше, ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдайға сәйкес, шамамен 2 мыңға жуық Қазақстанның азаматы сотталған болатын. Нақтырақ айтқанда, егер жаңылмасам, 1995 адам. Ал осы шет елдерде сотталған Қазақстан азаматын қайтаруға келсек, ол өте күрделі үдеріс. Көптеген елдер бұған бара бермейді. Мәселен, Ресеймен бізде жеңілірек болғанымен, Өзбекстан, Қырғызстан бойынша қайтаруға қатысты күрделі жағдайлар баршылық. Біз өткен аптада бұл мәселені жоғары деңгейде шешу үшін Өзбекстан тарапына хат жолдадық. Тұтастай алғанда, шет елдерде сотталған 25 қазақстандық қайтарылған болатын. Сонымен қоса, бір психикалық ауруға шалдыққан азамат та елге әкелінді», - деді ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель.
Бұл ретте И.Меркель сотталушы тұлғаның Қазақстанға қайтарылуына келісімі де маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Егер ол елде жазасын өтеуді жалғастыруға келісімін бермесе, біздің қолымыздан да ештеңе келмейді», - деді И.Меркель.