Шет елдерге оқуға барған қазақстандық студенттер сол елде болу тәртіптерін біле бермейді - Білім министрлігі

АСТАНА. Тамыздың 21-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Өткен жылы шет елдерде білім алып жатқан қазақстандық студенттердің тарапынан  бірқатар құқықбұзушылық әрекеттер  орын алды.

Шет елдерге оқуға барған қазақстандық студенттер сол елде болу тәртіптерін біле бермейді - Білім министрлігі


 Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрлігінің ресми өкілі Серік Ырсалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 С.Ырсалиевтің айтуынша, бүгінде шетелдік 34 мемлекеттің білім ордаларында «Болашақ» халықаралық бағдарламасынан бөлек, оқуға өз беттерімен түскен 30 мыңға жуық қазақстандық білім алады. Өкінішке қарай, өз беттерімен шетелде оқуға түскендер арасында арнайы іріктеу жүргізілмейтіндіктен, мұхит асқан 17-18 жастағы жеткіншектер сол елде болу тәртіптерін біле бермейді. Тіпті құқықбұзушылық жағдайлары да орын алады.

 Мәселен, Қытай Халық Республикасында Қазақстанның бір топ студенті өздерінің қазақстандық құрбыларына психологиялық қысым көрсету арқылы ақша бопсаламақ болған фактісі тіркелген. Оқиғаға қытай полициясы мен қазақстандық Елшіліктің араласуымен, құқықбұзушылар елге қайтарылды. Осындай жағдайлар сондай-ақ, Чехия мен Мысырда да орын алған. Ал өткен жылы Ресей Федерациясында қазақстандық студент көз жұмған болатын.

 «Бұл бағытта жұмыстар жүргізу үшін шетелдердегі елшіліктерге Қазақстанның 6 өкілі жіберілді. Олардың міндеті - шетелге оқуға шыққан жастарды қадағалау және тәрбиелеу болып табылады», - деп атап көрсетті ол.