Шет мемлекетке кеткен азаматтар баласының алдындағы жауапкершіліктен құтылмайтын болады - Б. Бекназаров

Отырыс барысында «Балаларға алименттерді және отбасын күтіп-бағудың басқа да нысандарын өндіріп алудың халықаралық тәртібі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланған болатын.
«Конвенция Қазақстан тарпынан қолдау табуы тиіс деп есептеймін. Біз қазір әлдеқайда кеңейтілген, жаһанданған әлемде өмір сүріп жатырмыз. Қазақстанның талай азаматтары басқа шет мемлекеттерге көшіп жатыр. Осындай жағдайда олардың кәмелетке толмаған жас балалары бізде қалады. Басқа мемелкеттерден Қазақстанға келіп жатқан азаматтар да бар. Бізге берілген мәліметтер бойынша қазір Қазақстанда 270 мыңнан астам осындай орындау құжаттары қарастырылған екен. Сондықтан да, Қазақстан осы конвенцияға қосылған 32 мемлекет және Еуропалық Одақпен ынтымақтасатын болады», - деді Б.Бекназаров.
Оның айтуынша, жасы кәмелетке толмаған балалар мейлі ол Қазақстанда, мейлі басқа шет мемлекеттерде болмасын ата-анасының көмегін көруі қажет. «Басқа шет мемлекетке кетіп қалған азаматтар үшін өз балалары алдындағы жауапкершіліктен құтылып кетпеуі керек. Сондықтан да, Конвенция дәл осындай мәселені, онымен айналысатын мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықты күшейтетін болады», - деді сенатор.