Шет мемлекеттердегі 14 мың ҚР азаматтары кезектен тыс президент сайлауында дауыс бермек- СІМ
АСТАНА. 18 наурыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 3 сәуірге тағайындалған кезектен тыс Президент сайлауында шет мемлекеттердегі 14 мың Қазақстан азаматтары дауыс бермек.
Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында Сыртқы істер министрлігінің Әкімшілік және бақылау департаментінің директоры Қайрат Сәтжанов мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, шет мемлекеттердегі сайлау учаскелерінің ең ірілері Қытай, Ресей, Түркия елдерінде орналасқан. «Қазіргі таңда Сыртқы істер министрлігі ведомствоның Орталық аппаратының қызметкелерін шет мемлекеттерге іссапарға жіберу мәселесін пысықтауда. Министрлік өкілдері шетелдердегі учаскелік сайлау комиссияларына тәжірибелік көмек көрсетеді»,-деді департамент директоры.
Оның сөзіне қарағанда, дауыс берушілердің неғұрлым көп болуын қамтамасыз ету үшін еліміздің шет мемлекеттердегі елшілік өкілдері азаматтарға жеке-жеке телефон шалып, сайлаудың өтетіндігінен хабардар етуде. «Біз сонымен қатар шетелдегі сайлау учаскелеріне халықаралық байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарын да шақырып отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы ашық әрі жариялы түрде жүргізілуде»,-деді Қ.Сәтжанов.