Шетел азаматтары Қазақстан аумағында жүріп-тұру құқығын қайта заңдастыруы тиіс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандағы шетел азаматтары өздерінің ел аумағында жүріп-тұру құқығын қайта заңдастыруы тиіс. Бұл туралы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің шекаралық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұңдаш Моллашев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылғы 5 маусымда шетел азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болу мерзімі аяқталады. Аталған мерзім ведомствоаралық комиссияның (ВАК) 2020 жылғы 29 желтоқсандағы шешімімен пандемияға байланысты ұзартылған болатын. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы құрлықтағы және авиациялық өткізу бекеттері штаттық режимде жұмыс істейді. Сондай-ақ, бүгінде 15 мемлекетпен (Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Қырғызстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Корея Республикасы, Украина, Түркия, Египет, Германия, Біріккен Араб Әмірліктері, Нидерланды Корольдігі, Грузия, Черногория, Шри-Ланка) тұрақты әуе қатынасы қайта жаңартылды», - деді Мұңдаш Моллашев аталған ведомствода онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, Қазақстан аумағына 101 шекаралық бекет арқылы кіруге болады.

Оның ішінде автомобиль жолаушыларына арналған 51 бекет, 19 әуе және 3 теңіз бекеті қызмет етеді.

Сондай-ақ, ол карантин шектеулеріне байланысты бүгінде 12 бекеттің қызметі уақытша тоқтатылғанын тілге тиек етті.

«Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі шетелдіктерді азаматтығы бар елге кедергісіз қайтару бойынша шаралар қабылдауда. Атап айтқанда, карантиндік шектеулер кезінде, оның ішінде онлайн форматта адамдардың елден шығу тәртібін түсіндіру ұйымдастырылды. Осы орайда әкімшілік жауапқа тартылмас үшін шетелдіктер мен оларды шақыратын адамдарға Қазақстан аумағында одан әрі жүріп-тұруды 5 маусымға дейін заңдастыру қажеттігін ескерткіміз келеді», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар