Шетел азаматы Ақмола тұрғынының атына 1 млн теңге несие рәсімдеген
Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ПД криминалды полиция басқармасы мен бөлімшелерінің қызметкерлері «Hi-Tech» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалған қылмысты ашты.
«Ақкөл аудандық полиция бөлімінің кезекшілік бөліміне 49 жастағы жергілікті тұрғын жүгінді. Оның сөзінше, қыркүйектің 8-де бейтаныс адам оған өзін қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырғанын және AnyDesk қашықтан қол жеткізу бағдарламасын пайдалана отырып, оның атына жалпы сомасы 1 млн теңге несие ресімдеген», - деп толықтырды ведомстводан.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Нұр-Сұлтан қаласында Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 111-ші бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған 39 жастағы Татарстан Республикасының тұрғыны ұсталды.
«Осыған байланысты Ақмола облысы ПД тергеу басқармасы Қылмыстық кодекстің 190-шы бабының 2-бөлігі «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп толықтырды ведомстводан.