Шетел сарапшылары Қазақстандағы ішкі туризмнің дамуын жоғары бағалады
АЛМАТЫ: ҚазАқпарат - KITF 2016 көрмесіне қатысқан шетелдік сарапшылар Қазақстандағы туризмнің дамуы туралы пікірлерімен бөлісті.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің рекреациялық география және туризм кафедрасының «Sabre Travel Network Central Asia» көрмесі аясында жүргізген маркетингтік зерттеуіне сәйкес, көрмеге қатысушылардың 58 пайызы ішкі бағыттағы туризмнің дамуын жоғары бағалады.
Зерттеу жұмыстарына 38 отандық және шетелдік компаниялардың өкілдері, оның ішінде 4 турагенттік, 14 туроператор, 2 мемлекеттік ұйым, 12 қонақ үй, 1 әуе тасымалдаушының сарапшылары қатысты.
Сауалнама барысында респонденттердің 11 %-ы туризм саласының дамуына көңілі толмаса, 26 %-ы қанағаттанарлық деп санайтыны белгілі болды, 55 %-ы туризм дамуын жақсы бағалады. Қалған 8%-ы қазіргі жағдайды өте жоғары деп баға берді.
Сырттан келетін туризмнің ахуалын 25 респондент тәуір деп санаса, 19 қатысушы өте жақсы деген баға берді.
Ішкі туризмге келсек, респонденттердің 58 %-ы оның дамуына көңілі толса, 24 %-ы әлі төмен екендігін айтқан.
Сұралғандардың 71 %-ы болашақта Қазақстандағы іскерлік туризмнің көлемі артатынына сенім білдірген.
«Биылғы зерттеулер ішкі туризмнің даму болашағы жарқын екендігін көрсетті. Былтыр осы жауапты респонденттердің 13 % ғана берген болатын. Көптеген кәсіпкерлер ішкі нарыққа бейімделе бастады.
Сұраныс артып келеді. ҚР Үкіметі де қажетті іс-шараларды қолға алуда.
Туристік нысандардың саны артып, инфрақұрылым дамып келеді, туризмнің дамуына барынша қаржы бөлініп жатыр. Бұл болашақта қалыпты бәсекелестіктің дамуына әкеледі», - деді Sabre Travel Network Central Asia директоры Павел Спицын.
Айта кету керек, KITF 2016 көрмесі Алматыда 20-22 сәуір аралығында өткен. Оған әлемнің 31 елінен 300-ге жуық компания қатысты.