Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия «Болашақ» стипендиясын 472 ел азаматына тағайындады
СТАНА. Тамыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.
«Комиссияның отырысында биылғы оқу жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге баратын балалар саны анықталды. Бүгінге дейін 3 мың 408 үміткер құжаттарын тапсырды. Оның ішінде 816-сы комиссияның қарауына шығарылып, соның 472-сі қазіргі кезде шетелге оқуға ұсынылып отыр»,-деді Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев отырыстан кейінгі брифингте.
«Біз квота бойынша қабылдау мерзімін қыркүйектің 30-ына дейін ұзарттық. Соған байланысты әлемнің таңдаулы университеттерінде оқығысы келетін біздің балалар құжаттарын әлі де тапсыруға болады. Мемлекет тарапынан қазір ауылдағы жастар үшін арнайы квота бар»,-деді ведомство басшысы.
«Әзірге еліміздің облыстарының түлектері белсенді қатыспай отыр. Құжат тапсыратындар көбіне Астана мен Алматы қалаларынан. Бұл екі қаланың әрқайсысынан 300-ден аса құжат тапсырылса, ал кейбір облыстардан 20-30 ғана үміткер құжаттарын тапсырды. Осы жағдай бізді алаңдатып отыр. Бұған байланысты облыстық білім беру басқармалары және облыстық әкімдіктер «Болашақ» бойынша өз ұсыныстарын жіберу жайында көбірек жұмыс істеі қажет деп ойлаймын»,-деп атап өтті Ж. Түймебаев.
Министрдің айтуынша, үміткерлер көбінесе оқу орындарын АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Швейцария елдерінен таңдап отыр.
Таратылған мәліметтерге қарағанда, басым мамандықтар тізбесінен үміткерлер «Экономика», «Ақпараттық технологиялар және жүйелер», «Туризм саласындағы менеджмент, спорт менеджменті», «Мұнай және газ ісі», «Технологиялар менеджменті», «Адам ресурстарын басқару», «Математика», «Электроника», «Өндірістік инжиниринг», «Хирургия» мамандықтарын таңдаған.