Шетелде кәсіпкерлер халықтың қалтасын ойлайды - Атамекен
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры Салтанат Әбдікәрімова шетелдегі бизнес сананың қалайша өзгеріп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл мен Жапонияда оқуда болдым. Маған сол жердегі кәсіпкерлердің тұтынушыға деген қарым-қатынасы қатты ұнады. Мысалы, қазір бізде тамақ беретін жерлерде шәймен бірге 2 граммдық қантты береді. 15 жыл бұрын Жапонияға барғанда ондай қантты барлық жерлерде тарататын. Ондай өнім бізге де келді. Ал осы жолы барсам, жапондықтар ол қантты 0,75 граммдап беріп жатыр. Неге аз бересіз деп сұрасам, олар айтады, қазір жапон ұлты салауатты тамақтануды қалайды. Сондықтан қантты аздап тұтыну қажет. Сонда өнім өндірушінің өзі халықтың артық ақшаны шығармағанын қалап, қанттың көлемін азайтып отыр», - деді С.Әбдікәрімова Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, жапондықтар ысырапшылдыққа да жол бермейді. Сондықтан кез келген өнімді қажетті мөлшерде ғана шығарады. Тұтынушыға қанша қажет, сонша алатындай етіп жасайды. «Олардың ұстанымы былай, артық ақшаны төлемеңіз, қанша керек, сонша алыңыз. Артық жеп қойсаң, денсаулығыңа да, қалтаңа да салмақ түседі. Осылайша, кәсіпкерлер халықтың денсаулығын да, қалтасын да ойлады. Бізге де сондай психология керек. Шикізатты үнемдеп пайдаланған жөн. Біз де халықтың денсаулығын, қалтасын ойлауымыз қажет», - деп атап көрсетті С.Әбдікәрімова.
Осы орайда ол кешенді түскі астар мәселесіне де тоқталды. Бүгінде кейбір дәмханалар бір сомаға кез келген тамақты салып алуға рұқсат береді. Ондайда адам қомағайланып, артық тамақ салып қоюы әбден мүмкін. Ал тамақтың қалдықтарын лақтыруға тура келеді. Шетелде артық қалған тамақ үшін айыппұл төлейді. Соның арқасында ысырапшылдыққа жол берілмейді.