Шетелде қиындыққа тап болған қазақстандықтар көбейді — Министрлік ескерту жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Шетелге шыққан қазақстандықтардың визалық және көші-қон талаптарын сақтамауы түрлі қиындықтарға әкеліп жатыр. Сыртқы істер министрлігі соңғы уақытта елде жүру мерзімін бұзу, декларацияланбаған тауар алып өту және транзит талаптарын сақтамау сияқты жағдайлар жиілегенін мәлімдеді.
— Бұл ретте ең алдымен, елде болу мерзімдерін бұзу, тыйым салынған немесе декларацияланбаған тауарларды алып өтуге әрекет жасау, сондай-ақ шет мемлекеттердің аумағында транзитпен өту және болу қағидаларын сақтамау жағдайлары сөз болып отыр. Осыған байланысты отандастарымызды шетелге шығу алдында баратын елдің, сондай-ақ транзит арқылы өтетін мемлекеттердің заңнамасын, визалық және көші-қон талаптарын мұқият зерделеуге шақырамыз, — деді ҚР СІМ ресми өкілі Ж. Үсенов Астанада өткен апталық брифингте.
Оның айтуынша, паспорттардың, визалардың, елде болуға берілген рұқсаттардың және басқа да қажетті құжаттардың жарамдылық мерзімдеріне ерекше назар аударған жөн.
— Медициналық сақтандыруды рәсімдеуді, әуе билеттерін тек ресми сервистер арқылы сатып алуды, әуе компанияларының багаж бен транзитке қатысты талаптарын сақтауды, құжатты үшінші тұлғаларға бермеуді, сондай-ақ ішіндегі заттардың мазмұнына толық көз жеткізбеген жағдайда бөгде адамдардың сөмкелерін, сәлемдемелерін және басқа да заттарын алып жүруден бас тартуды ұсынамыз, — деді Жанболат Үсенов.
Шетелге жұмыс істеу, білім алу немесе емделу мақсатында шығатын азаматтар барлық қажетті құжаттардың, шақырулардың, еңбек шарттарының және рұқсаттардың заңнама талаптарына сәйкес дұрыс рәсімделгеніне алдын ала көз жеткізуі қажет.
— Жаппай топтық сапарларды ұйымдастырушылармен уағдаластықты тексеру, сондай-ақ келеңсіз жағдайларға арнайы іс-қимылдарды жоспарлау өте маңызды. Мысал ретінде жақында болған резонансты ахуалды атап өтуге болады. Онда 200-ден астам қазақстандық студент АҚШ-та үйсіз-күйсіз қалған болатын. Бақытымызға орай қазіргі уақытта барлығы да Қазақстанға оралды.
Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері өз құзыреті шегінде азаматтарға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсететінін ерекше атап өткіміз келеді. Сонымен бірге болу елінің заңнамасын сақтау және белгіленген талаптарды орындау үшін жауапкершілік тікелей азаматтың өзіне жүктеледі, — деді ҚР СІМ ресми өкілі.
Бұған дейін ҚР СІМ ресми өкілі Грузияда рұқсатсыз жұмыс істегендер 5 жылға дейін елден шығарылуы мүмкін екенін айтқан еді.
Ал Таиланд Қазақстан азаматтарының визасыз жүру мерзімін қысқартқан.