Шетелде оқитын студенттер қосымша жұмыс істесе, қандай жағдайда салықтан босатылады
АСТАНА. KAZINFORM — Шетелде білім алып жатқан студенттер бос уақытында жұмыс істеп, табыс тапса, кей жағдайда Қазақстанға салық төлемеуге құқылы.
Бұл жөнінде ресми сауалымызға жолдаған жауабында Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді.
Комитет берген ақпаратқа сай, шетелде оқитын Қазақстан азаматы резидент саналады. Қазақстан резиденті шет мемлекетте жұмыс істеп, табыс тапса және сол елде салық төлесе, онда Қазақстанға жеке табыс салығын төлеуге міндетті емес.
Бұл норма Салық кодексінің 638-бабы (1-тармағы) мен 303-бабына сай жүзеге асады.
Алайда ол үшін мынадай екі негізгі талап орындалуы керек:
· Құжатпен растау: шетелде салық төлегеніңізді дәлелдейтін ресми құжатыңыз болуы шарт.
· Лимит (шектеу): шетелде төленген салық Қазақстанның заң бойынша белгіленген жеке табыс салығы ставкасы (яғни, 10%) шегінде болуы тиіс.
Бұл ереже шетелде салық төлеген азаматтарды екі рет салық төлеуден қорғайды.
Айта кетейік, бұға дейін «Әлеуметтік төлемдер банк қосымшалары арқылы автоматты түрде ұстала ма?» деген сұраққа жауап беріп, Салық кодексіне қандай өзгерістер енетінін жазғанбыз.