Шетелде тұратын отандастар істері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтеді
АСТАНА. Маусымның 22-сі. ҚазАқпарат /Зүлфира Мағзұмова/ - Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті маусымның 24-де Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Шетелде тұратын отандастар істері жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізуді жоспарлап отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхамедтің төрағалығымен өтетін отырыстың мақсаты - шетелде тұратын отандастармен әлеуметтік-мәдени байланыстарды дамыту және оларға қолдау көрсету, қандастарымыздың ана тілінде білім алуларына жағдай жасау. Сондай-ақ шетелдегі қазақ диаспорасымен байланыс жасау мәселелері бойынша нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге қатысты мәселелер де осы шараның басты мақсаттарының бірі.
Комиссия отырысының күн тәртібіне Комиссия жұмысының 2009 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту, 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасының жүзеге асырылуы, Ресейдің қазақ диаспорасы шоғырланған өңірлерінде орыс мектептерінің ішінен қазақ сыныптарын ашу, қазақ мектептерін қайта жаңғырту, Ресейдегі қазақ жастарын Қазақстанның оқу орындарына тарту сынды мәселелер ұсынылатын болады. Шараға ҚР Президенті Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, орталық атқарушы органдардың басшылары, қоғамдық бірлестіктер және БАҚ өкілдері қатысады.