Шетелде тұрып та зейнетақы алуға болады — Конституциялық Сот

АСТАНА. KAZINFORM — Конституциялық Сот Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұруға кеткен азаматтардың зейнетақы төлемдеріне қатысты мәселелерді түсіндірді.

зейнетақы, жәрдемақы, төлемақы
Коллаж: Canva

Конституциялық Сот Шығыс Қазақстан облыстық сотының Әлеуметтік кодекстің 196-бабы 1-тармағының, 202-бабы 2-тармағының, 204-бабы 3-тармағы 2) тармақшасының және зейнетақымен қамсыздандырудың рәсімдік мәселелерін реттейтін, 2023 жылғы 22 маусымдағы № 232 Қағидалардың 5-тармағы бесінші бөлігінің конституциялылығын тексеру туралы ұсынуын қарады.

Ұсыныс енгізуге аталған нормалардың өзара байланыста азаматтың мемлекеттік базалық зейнетақы мен жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындау және алу құқығын жүзеге асыру үшін Қазақстан аумағында тұрақты тұруы шарт, ал бұл Конституцияның 14-бабы мен 28-бабының 1-тармағының ережелеріне қайшы келеді деп пайымдаған азаматшаның өтініші негіз болды.

Конституциялық Соттың ұстанымы

— Ұсынылған материалдарды зерделеп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларын талдағаннан кейін Конституциялық Сот зейнетақы төлемдері өзінің құқықтық табиғаты бойынша адамның тұрғылықты жеріне емес, тап осы белгілі бір жасқа толуына және соған қарай әлеуметтік осалдығының туындауына байланысты төленетін төлем болып есептеледі, — делінген хабарламада.

Конституция нормаларын жүйелі түсіндіруді негізге ала отырып, Конституциялық Сот Кодекстің 196-бабы 1-тармағының ережелерінде зейнетақымен қамсыздандыруға заңды құқықтың туындауы үшін ел аумағында міндетті түрде тұру шартының Қазақстан Республикасының азаматтарына белгіленуі көзделмейді деп атап өткен.

— Кодекстің 202-бабының 2-тармағында және 204-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін жүзеге асырудың жалпы кезеңі және алушының Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кету фактісі анықталған жағдайда олардың тоқтатылуы айқындалады, — деп хабарлады құзырлы органнан.

Кодекстің осы ережелерінде аталған факт зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде мұндай талап қойылған адамдарға қатысты ғана заңдық мәнге ие және осы төлемдердің тоқтатылуына әкеп соғады.

Конституциялық Сот Кодекстің 202-бабы 2-тармағының және 204-бабы 3-тармағы 2) тармақшасының Конституция ережелеріне сәйкес келмейтіні белгілі болды. 

— Қағидалардың 5-тармағы бесінші бөлігінің дау айтылып отырған ережелері өтініш берушінің заң талаптарына сәйкестігін растау тетігімен байланысты және зейнетақы тағайындауға тыйым салуларды, шектеулерді қамтымайды, осыған байланысты нормативтік құқықтық актіні көрсетіліп отырған бөлігінде Конституцияға сәйкес келмейді деп тануға негіздер жоқ. Уәкілетті мемлекеттік органға аталған актіге нақтылау сипатында түзетулер енгізу ұсынылды, — деленген хабарламада.

Тексеру нәтижесі бойынша Конституциялық Сот мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін және жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындау және алу құқығын іске асырған кезде осы төлемдерді тағайындау үшін заңда белгіленген барлық басқа шарттарға сәйкес келген Қазақстан Республикасының азаматына Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұру туралы талап қойылмайтынын хабарлады.

Еске сала кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев зейнетақы жинағының ең төмен жеткілікті шегін айқындау әдістемесіне өзгерістер енгізуге қатысты түсінік берген болатын.