Шетелде тыйым салынған «шөптік микстер» Қазақстанда ашық саудалануда - Б. Бекжанов

АСТАНА. Қаңтардың 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Шетелде тыйым салынған «шөптік микстер» Қазақстанда ашық саудалануда.
None
None

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Берік Бекжанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2009 жылдың қазанында елімізде арнайы «шөптік микстер» еркін сауда айналымында жүргендігі туралы депутаттық сауалмен ҚР Бас прокуратурасына және Денсаулық сақтау министрлігіне жүгінген болатынмын. Осы органдардан Қазақстанда бұлар есірткі заттарына жатқызылмағаны және тыйым салынбағаны туралы ақпарат алынды. Тоқтала кететін жайт, көршілес Ресей «шөптік микстерді», әсер ету күші басқа есірткі заттарынан кем емес, адамның санасын улайтын үлкен қауіп деп дабыл қағып отыр. Өйткені, Ресейдің 20-ға жуық өңірінде аталған шөптік қоспаны сату мен пайдалану шекті жағдайға жетіп, әсіресе жастардың бұған әуес болуы кең етек алған. Сол себептен болуы керек, Ресей өткен жылдың сәуір айынан бастап «шөптік микстердің» еркін сауда айналымына қатаң қадағалау орнатып, бұны есірткі заттары қатарына жатқызу туралы мәселені қарастырып жатыр», деді депутат.

Оның айтуынша, қазіргі таңда аталған шөп қоспалары Алматы қаласының қақ ортасында дүкенде ашық саудаланады. Бұған қоса, аталған шөптік қоспаның қорабындағы қазақ тіліндегі жазбасында «шөп микстері адам тәнін емес, жанын емдейді» деп жазылыпты.

«Бір қарағанда қарапайым шөптік дәрілер іспеттес көрінетін қоспалар әсері «марихуанадан да» ұзақ әрі күшті әсер беретінін бүгінде ресейлік мамандар дәлелдеп отыр. Сондай-ақ, осындай «шөптік қоспалардың» кері әсерін түсінген Ұлыбритания, Франция, Германия, Австрия, Швейцария, Жапония, АҚШ және тағы сол сияқты әлемнің дамыған елдері пайдалануға мүлдем тыйым салған. Себебі «қоспа» тәуелділікке душар ететін, пайдаланған кезде адамды есінен айыратын, өз әрекетіне жауап бере алмайтын халге жеткізетін, жалпы айтқанда есірткі затын пайдаланудың салдарына алып келетін нәтижеге соқтырады», деген депутат бұндай «шөптік қоспаның» ғылыми сараптамасын жүргізіп, оны әсер ету дәрежесіне сай есірткі заттары қатарына жатқызу туралы ресми қорытынды беру қажеттігін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар