Шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғайтын келісімдер бекітіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан басқа елдерде жұмыс істейтін отандастардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету бойынша 8 үкіметаралық келісім бекітеді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтып берді. 

жұмысшы
Фото: gov.kz

Министр бұған дейін еңбек көші-қоны саласында шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтарын қорғау мәселесі еш қарастырылмағанын атап өтті. 

«Заңсыз көші-қонның көбеюі және отандастарымыздың құқықтарының бұзылуы олардың еңбек құқықтарын қорғаудың тиімді тетігін енгізуді талап етеді. Бүгінде басқа елдерде жұмыс істейтін қазақстандықтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге қатысты 8 жаңа үкіметаралық келісімге қол қою жұмыстары жүргізілуде», – деді С. Жақыпова министрліктің алқа отырысында.

 Министрдің айтуынша, Қазақстанды Оңтүстік Кореяның жұмысқа орналасуға рұқсат беру жүйесіне (EPS) енгізу бойынша тиісті шаралар қабылданды.

«Сондай-ақ, біз Қазақстан азаматтарының шетелде заңды еңбек қызметін ұйымдастыру үшін жеке жұмыспен қамту агенттіктерімен өзара іс-қимылды қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз», – деді Еңбек министрі.

 Бұған дейін Светлана Жақыпова Қазақстанда көші-қон процестері цифрландырылатынын айтқан еді.