Шетелдегі демалыс кезінде тосын жайтқа тап болмаудың қандай жолы бар

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм комитеті шетелге демалуға барған кезде тосын жайтқа тап болмау үшін не істеу керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Шетелдегі демалыс кезінде тосын жайтқа тап болмаудың қандай жолы бар

«Соңғы уақытта алақол туристік операторлардың кінәсінен шет мемлекеттерге сапарлап барған қазақстандық туристердің жатын орындарына ақы төленбей далада қалу оқиғалары жиілеп кетті. Өздеріңізде білетіндей, «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» ҚР Заңына сәйкес, нарықтың барлық қатысушылары қызметтерін көшпелі туризм саласында қазақстандықтардың құқықтарына кепіл беру жүйесі аясында жүзеге асыруға міндетті. 2016 жылдың қазанында көшпелі туризм саласындағы ҚР азаматтарының құқықтарына кепіл беру жүйесінің жұмыс істеу ережесі бекітіліп, азаматтардың құқықтарын кепілдендіру жүйесі енгізілді және жүйе әкімшісі айқындалды. Бұл арнайы құрылымның жалғыз ғана қызметі - шетелге шыққан азаматтарды қорғау», - деді комитет төрайымы Манюра Мырзамадиева.

Кепіл беру жүйесінің әкімшісі - «Туристік қамқор» корпоративтік қоры. Бұл қордың мақсаты - егер туристік оператор өз міндеттемесін орындамаған жағдайда уақытша өзге мемлекетте жүрген қазақстандық туристерді елге жеткізу бойынша шұғыл көмек көрсету. Туристік жүйе әкімшісіне жүгінген жағдайда арнайы есепшот қаржысы есебінен шұғыл көмек алуға құқылы болады.

«Осыған байланысты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан азаматтарының назарын туристік өнімді сатып алу барысында туристік компаниядан туристік өнімді ұсынып отырған оператор мен «Туристік Қамқор» корпоративтік қоры арасында жасалған келісішарттың болуы туралы ақпаратты нақтылау қажеттігіне аудартады», - деді комитет төрайымы.

Айта кетерлігі, өз бетінше шетелге сапармен шығатын туристер демалыстарының жайлы өтуіне жауапты болады.

«Туристік Қамқор» қорының директоры Асылхан Есіловтің айтуынша, туристік компанияны таңдау және онымен келісімшарт жасасу сынды күрделі іске барынша жауапкершілікпен қарау қажет.

«Туристік агенттікті дұрыс таңдау сіздің жайлы демалысыңызға ғана емес сонымен қауіпсіздігіңізге де байланысты болады. Туристі қызмет көрсетуге арналған келісімшартты рәсімдеуге де барынша тыңғылықты назар аударған жөн. Сіздің одан арғы сапарыңыз фирмамен туристік қызмет көрсетуге арналған гартпен қаншалықты жан-жақты танысқаныңызға байланысты болмақ», - деді ол.

Есіловтің айтуынша, келісімшарттың бас жағындағы және мөріндегі компания атауы бір-бірімен сәйкес келуі тиіс. Туристік агенттік келісімшартты барынша түсінікті жасауы шарт. Барлық даталардың, ақшалай төлемдердің, алдағы уақытта баратын орынды және демалыс күндерінің санын дұрыс екендігін тексеру қажет. Келісімшартта көрсетілген айыппұл санкцияларына және қызметтерге төлем нысанына айрықша назар аударуы керек. Қосымша сұрақтар қойып, нақтылаудан қысылмаған дұрыс.

Асылхан Есілов туристік ТУРКОД алу қажеттігіне де айрықша назар аудартады. Ол шекараны кесіп өткен сәтте беріледі әрі ваучерде (жолдамада) көрсетіледі. Барлық туристер кез келген турді сатып алған кезде ТУРКОД талап етуі қажет және оны www.fondkamkor.kz сайтынан тексергендері дұрыс.

«ТУРКОД туристік оператор өз міндеттемесін орындауы мүмкін емес жағдайда елге оралудың кепілі саналады. Туристік оператор өз міндеттемесін орындамау жағдайы туындаған сәтте ТУРКОД болса, онда кепіл беру жүйесінің әкімшісі сіздің үйге оралуыңызды қамтамасыз етеді», - деді ол.

Оның дерегінше, көшпелі туризм саласында қазақстандықтардың құқықтарына кепіл беру жүйесінде 62 қазақстандық туристік оператор тіркелген. Жалпы, Қазақстанда туристік қызметке 1,5 мыңнан астам лицензия берсе, соның бүгінде 500-ге жуығы ғана жұмыс істейді