Шетелдегі қандастар «Қайырымды істер марафонына» қатыса алады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қайырымды істер марафонына» шет елдердегі қазақтар да қатыса алады. Бұл туралы «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Лима Диас айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шетелдегі қандастар «Қайырымды істер марафонына» қатыса алады

Тілшілер сұрағына жауап бере отырып, спикер «Қайырымды істер марафонына» шет елдердегі этникалық қазақтар да және шетелде тұратын және жұмыс істейтін қазақстандықтар да қосыла алатынын атап өтті.

«Әрине, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын отандастарымыз марафонға қатысуы керек, ешқандай аумақтық шектеулер жоқ. Марафонды ұйымдастырушылардың алдына қойған жаһандық мақсаттарының бірі – марафонға қазақстандықтарды ғана емес, басқа елдердің өкілдерін де тарту болатын. Сондықтан біз отандастарымыз, қандастарымыз көтеретін бастамаларды қуана қабылдаймыз. Сонымен қатар, біз «Отандастар» қорымен өзара келісім бекіттік, бұл қор шетелдегі біздің әріптесіміз және осы бастамалардың үйлестірушісі бола алады деп үміттенеміз», - деді Л. Диас Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет «Қайырымды істер марафонының» алдағы жылдары да жалғасатынын айтты.

«Қайырымды істер марафоны әрі қарай жалғаса береді. Өткен жылдан бастап, бұл шаралар тек қана халықтың арасында емес, мемлекеттік және ұлттық деңгейде қолдау тауып, қазіргі таңда іске асырылып жатыр. Оған арнайы ұйымдастырушылық көмектер жасалып жатыр. Бұл жұмыстың нәтижелігін өткен жылы көрдік, биыл да мысалы қыстың қиын кезеңінде волонтерлер бір-біріне көмектесіп жатқан кезде көріп жатырмыз. Сондықтан, бұл марафонның әрі қарай жалғасуы сөзсіз. Сонымен бірге, баяндамамда айтып кеткендей, Мемлекет басшысы БҰҰ аясында волонтерлік бастамаларды ұлттық деңгейде ғана емес, халықаралық деңгейге көтеріп, алдағы жылдардың бірін Волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылы деп жариялау бастамасын көтерді. Сондықтан осындай шаралар мен бастамаларды өз еліміздің аясында емес, халықаралық деңгейде іске асуы да бұл жылдың жариялануына септігін тигізеді. Бұл жұмысты өз тарапымыздан жалғастырып, барша адамдарды осы шараға қатысуға шақырамыз», - деп жауап берді М. Қожахмет тілші сұрағына.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Мемлекет басшысының бастамасымен «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы бастау алды. Марафонға қатысуға барлық қазақстандықтар, соның ішінде мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, бизнес және ЖОО өкілдері шақырылды.

Жобаның үйлестірушісі – Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы. Ұйымдастыру сұрақтары бойынша 8 (7172) 221224 нөміріне хабарласуға болады, e-mail: dobryhdelmarafon@gmail.com.