Шетелдегі қандастар оралман квотасын иелену үшін Қазақстан елшіліктеріне өтініш бере алады - Көші-қон комитеті

АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жаңа жобаға сәйкес, шетелдегі қандастар оралман квотасын иелену үшін өздері тұрып жатқан елдегі Қазақстан елшіліктеріне өтініш бере алады.

Шетелдегі қандастар оралман квотасын иелену үшін Қазақстан елшіліктеріне өтініш бере алады  - Көші-қон комитеті

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстанның көші-қон заңнамасы: жетілдіру жолдары» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Қабылсаят Әбішев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Комитет төрағасының айтуынша, жаңа заң жобасында этникалық көші-қонға қатысты еліміздің ұстанған идеологиясы тұтастай сақталып отыр. Сонымен қатар, этникалық қандастардың тарихи Отанына кірігу жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар жаңа нормалар көзделген.

«Дәлірек айтқанда, этникалық қазақтар көшіп келу квотасын иелену туралы өзінің тұрып жатқан елінен-ақ өтініш жасай алады. Бұл норма бұрын қарастырылмаған еді. Ендігі күні жаңа нормаға сәйкес, шетелде тұрып жатқан қазақ қандастарымыз Қазақстан елшіліктері арқылы өтініш бере алады», деді Қ. Әбішев.

Бұдан кейін, квотаға қосылу туралы келісім алғаннан соң, оралмандар елге келген 5 күннің ішінде оралман мәртебесін, он күн ішінде тұрақты тұруға арналған рұқсатты, ал бір айдың ішінде әлеуметтік қызметтер пакетін иелене алады.