Шетелден әкелінген көліктерді заңсыз тіркеумен айналысқан қылмыстық топ мүшелері сотталды

ОПГ
Фото: видеодан алынған кадр

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 25 сәуірде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты заңнамада көзделген алымдар мен төлемдерді төлемей, шетелден әкелінген автокөліктерді тіркеу есебіне заңсыз қоюмен айналысатын арнайы ХҚКО (Халыққа қызмет көрсету орталығы) мамандары мен полиция қызметкерлеріне және азаматтық тұлғаларға қатысты үкім жариялады.

«Олар ұйымдасқан топ құрып, басшылық жасау, мемлекетке залал келтіру, «Web-Модуль» ҚКО» және «ХҚКО ИАЖ» ақпараттық жүйелерінде көлік құралдары туралы мәліметтерді заңсыз енгізу және жою, мәмілелердің жазбаша нысандарын қолдан жасау бойынша айыпты деп танылды. 2022 жылдың қаңтарынан мамырына дейін қылмыстық топ шетелден әкелінген 462 автокөлікті заңсыз тіркеген. Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 1,2 млрд теңгені құрайды», - деп хабарлайды Антикор

Сот үкімімен 32 адам сотталған. Оның ішінде қылмыстық топтың ұйымдастырушылары - Астана қаласының №2 мамандандырылған ХҚКО басшысы Ш.Бөкебаев пен Астана қаласының Арнайы ХҚКО мамандары А. Там-Оглы мен Х. Там-Оглы 9 жылға бас бостандығынан айырылды, топтың 5 қатысушысына 6 жыл бас бостандығынан айыру, ал 17 «көмекшіге» бас бостандығынан айыру және шектеу түріндегі жаза тағайындалған.

«Сондай-ақ, 7 адам 2 жыл 6 айдан бастап бас бостандығын шектеуден 3 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Олар арнайы атақтарынан және өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылды. Сот процесі Астана қаласы Полиция департаментінің жеке құрамының, сондай-ақ Астана қаласы Арнайы ХҚКО қызметкерлерінің қатысуымен өтті», - делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сонымен қатар, тергеу барысында арнайы ХҚКО маманы көлік құралдары иелерінің қолтаңбаларын қолдан жасау фактілері автокөліктерді сатып алу-сату мәмілелерінің жазбаша нысандарында анықталды.

Қылмыстық-процестік кодекстің 200-бабы тәртібінде енгізілген «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға ұсынымның нәтижесінде автомобильдерді тіркеу қағидаларына автокөлік иесінің ЭЦҚ-кілтін міндетті түрде пайдалана отырып, мәмілелердің электрондық нысанынан жазбаша нысанды алып тастау туралы өзгерістер енгізілді.

Мұндай өзгеріс автокөліктерді сатып алу-сату шартын жасасу кезінде авто иелерінің қолдарын қолдан жасау бөлігінде жемқорлық тәуекелдерін болдырмайды.

Сонымен қатар, Арнайы ХҚКО мен ІІМ-де автокөлікті тіркеу бойынша жаңа ақпараттық жүйелер іске қосылды. Өтінімдерді ресімдеу және қарау кезінде деректерді түзету үшін мүмкіндіктер алынып тасталды. Енді тек әкімшілік полиция комитеті өзгерістер енгізе алады.

Өтінімдерді тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Енді бұл үшін тек ЖСН енгізу қажет, ал қалған деректер басқа ақпараттық жүйелерден автоматты түрде толтырылады. Бұл ретте жүйенің өзі екінші деңгейдегі банктердің түбіртектерін, міндетті төлемдерін және айыппұлдарын төлеуді тексереді.

2022 жылы 9,4 мың автокөлікті тіркегені үшін 10,6 млрд теңге жиналды, 2023 жылы заңдастыруды ескере отырып, 10,2 мың автокөлікті тіркеген кезде 91,3 млрд теңге түсті. Аталған тәуекелдерді жою нәтижесінде өткен жылы бюджетке түскен түсім 9 есеге ұлғайды.

Жалпы, жаңа ақпараттық жүйелерді енгізу осы саладағы барлық қызметке оң әсерін тигізді.

Соңғы жаңалықтар
telegram