Шетелден инвестиция тарту жөніндегі арнайы орган құру мүмкіндігі жоққа шығарылмайды - Елбасы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шетелден инвестиция тарту жөніндегі арнайы орган құру мүмкіндігі жоққа шығарылмайды. Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.
«Экономиканы әртараптандыру - біздің орта және ұзақ мерзімдік перспективадағы басты міндетіміз. Осы арқылы макроэкономикалық тұрақтылық пен орнықты өсім сақталады. Индустрияландырудың мақсаты шашыраңқы жобаларды жинау емес. Өкінішке қарай, біздегі бірінші бесжылдықта солай бұл да көрініс тауып қалды. Керісінше, индустрияландырудың мақсаты - қуатты өңдеуші өнеркәсіпті дамыту. Сондықтан да, Үкіметте осы бағытқа шетелдік және отандық инвестицияны тартудың нақты жоспары болуы керек», - деді Н. Назарбаев.
Бұл ретте Елбасы аталмыш бағыттағы жұмыс оңай еместігін, онда күрделі мәселелер бар екендігін атап өтті. Президенттің айтуынша, дәл осы мақсатта әлі нақты жұмыстар атқарылмай жатыр.
«Бізге не қажет? Бәлкім, тағы бір нақты орган құруымыз керек шығар, шетелдік инвестицияны тарту жөніндегі. Егер қажет болса осыған да барайық. Біреуіміз осымен шұғылданайық, соған жауапты бір адам болсын. Бір кездері біз инвесторлар өз мәселесін бір ғана орган арқылы шешетін компания құруға ұмтылған едік. Мүмкін соған қайта келерміз», - деді өз пікірін білдірген Мемлекет басшысы.