Шетелдерде қарулы қақтығыстарға қатысып жүрген қазақстандықтар жазаланады - Ғ. Шойкин
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шетелдерде қарулы қақтығыстарға қатысып жүрген қазақстандықтар жазаланады. Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде ҚР Мәдениет және спорт министрлiгi Дiн iстерi комитетiнiң төрағасы Ғалым Шойкин мәлiм еттi.
Оның сөзiне қарағанда, Қазақстан азаматтары елiмiздiң сыртында орын алып жатқан түрлi қақтығыстарға, лаңкестiк iс-қимылдарға қатысып жүр.
«Қарулы қақтығыстардағы қазақстандықтар түрлi жолдармен шығып кеткен, оның бiр бөлiгi - оқу оқуға, екiншiсi - емделуге деп шекара асқан. Демократиялық ел ретiнде бiз адамдарға шетелге шығуға, көшiп-қонуға тыйым сала алмаймыз. Оларды қатаң заң бойынша жаза күтiп тұр. Сондықтан түрлi бәлекеттерге атсалысып жүргендер жазасын алады», - дедi Ғ. Шойкин.
Комитет басшысы олардың денi адасып жүр деп есептейдi. Себебi қарулы сес көрсететiн деструктивтi ағымдар оларды тарту үшiн түрлi насихат жасайды. Әсiресе дiнге берiлген жасөспiрімдердi азғырады.
«Бiз ол қақтығыстардың қауiптiлiгi мен керексiздiгiн әрдайым түсiндiрiп келемiз», - деп атап өттi ол.