Шетелдік активтерге салынатын БЖЗҚ салымдарының үлесі артуы мүмкін - ҚР Ұлттық банкі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Шетелдік активтерге салынатын БЖЗҚ салымдарының үлесі артуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада мәлімделген.
Инвестициялау жоспарына сәйкес, БЖЗҚ қаржысының инвестициялау портфелінің шетелдік активтерге салынатын портфелін әртараптандыру көзделіп отыр.
Айта кету керек, БЖЗҚ салымдарын инвестициялау туралы ҚР Мемлекет басшысы 2016 жылдың 10 ақпанында нақты тапсырма берген болатын.
Осыған орай БЖЗҚ-ның 1 450 млрд теңге көлеміндегі активтерін әр бағытта қаржылық құралдарға салу жоспарланған.
Ең алдымен, бюджет тапшылығын жою үшін 350 млрд теңге сомасына ҚР мемлекеттік құнды қағаздары сатылып алынады, шетелдік нарықта инвестиция салу үшін 500 млрд теңгеге шетелдік валюта сатылып алынады.
400 млрд теңгеге квазимемлекеттік сектордағы субьектілердің шартты құнды қағаздары, 200 млрд теңгеге ШОБ субьектілерін қаржыландыруға екінші деңгейлі банктердің шартты қаржылық құралдары сатылып алынады.