10:34, 23 Маусым 2016 | GMT +5
Шетелдік азамат Қарағанды облысынан қуылды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысынан көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін РФ азаматшасы елден қуылды. Бұл туралы Қарағанды қаласындағы Октябрь аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

«Сот «Қарағанды облысының ІІД» ММ шетелдікті Қазақстан Республикасынан қуу туралы өтініші бойынша азаматтық істі қарады. Өтініш қанағаттандырылды. Ресей Федерациясының азаматын сот қаулысы шығарылған күннен бастап 20 күн ішінде елден қуу шешімі шығарылды», - делінген хабарламада.
Ресейліктің «Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңын бұзғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғандығы анықталды. Ол Қазақстан Республикасына белгіленген кіру, келу, шығу тәртіптерін сақтамаған.
Соттың ақпаратына сәйкес шетелдік елден қуу туралы шешіммен келісті. Ол Қазақстанға 2009 жылы әжесі мен анасын қарауға келгенін, 2014 жылы туыстары қаза болғанын айтты. Өзі Қазақстанда қалған, еш жерде жұмыс істемейді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.