Шетелдік БАҚ Қазақстанда ғарышкерлерді қарсы алу дәстүрін сипаттады (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Орбитада 340 тәулік бойы ұнтақталған қоспамен тамақтанған ғарышкерлер - НАСА астронавты Скотт Келли мен ресейлік ғарышкерлер Михаил Корниенко мен Сергей Волковқа жерде алғаш ұсынылған ас тұз бен нан және бауырсақ болды, деп жазады The Quartz басылымы.
Қарсы алу рәсімі ғарышкерлерді қазақтың ұлттық киімін киген екі бойжеткен ұсынған нан, тұз, бауырсақпен қарсы алудан басталды. Алайда ғарышкерлер мен астронавт, Time газет хабарлағандай, астан дәм тата алмады, себебі ұзақ уақыт ғарышта болған олардың асқазаны қатты тағам қабылдауға әзір емес.
Еске салсақ, ресей ғарышкерлері Михаил Корниенко мен Сергей Волков, сондай-ақ америкалық астронавт Скот Келли мінген ғарыш аппараты сәрсенбі Жезқазған қаласынан 147 шақырым жерде - белгіленген нүктеден 17 шақырым ауытқып қонды.
Корниенко мен Келли ғарышқа 2015 жылы 27 наурызда ұшқан. Олар стансада 340 тәулік болды. Экипаждың үшінші мүшесі Сергей Волков ХҒС-та 182 тәулік жұмыс істеді. Орбитаға ол «Союз ТМА-18М» кемесімен жетті. Сол аппаратпен үшеуі жерге қайта оралды.
Скот Келлиге жерге қонған аппараттың люгінен кірген таза ауаны алғашқы жұтуы ерекше әсер бергенін айтып отыр.
Жарты жыл ғарыш сапарынан оралған «Союз ТМА-18М» кемесінің командирі Сергей Волковқа Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың атынан ІІ дәрежелі «Достық» ордені табыс етілді.