Шетелдік БАҚ-тағы Қазақстан: Албания Президентінің сапары, Астанадағы ШЫҰ отырысы және киіз үйдің жаңғыруы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Осы аптада шетелдік БАҚ-та Албания президентінің Қазақстанға сапары, оның Тоқаевпен кездесуі, Ұлттық банк басшысының ауысуы, ШЫҰ-ның терроризмге қарсы отырысы және Израильге тікелей әуе рейсі ашылғаны жайлы мақалалар легі жарияланды. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының шолу мақаласында.

Reuters : Қазақстан Тимур Сүлейменовті ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы лауазымына тағайындады

4 қыркүйек күні Reuters ақпарат агенттігі Орталық Азиядағы мұнайға бай ел Қазақстан Ұлттық банк төрағасы лауазымына бұрынғы экономика министрі Тимур Сүлейменовтің кандидатурасын мақұлдағаны туралы хабарлады.


45 жастағы Сүлейменов 2022 жылғы қаңтардан бүгінге дейін Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған.

«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында Ұлттық банкке инфляцияны төмендету, қаржы технологиялары мен инновацияны дамыту және келесі жылы ұлттық төлем жүйесін толыққанды іске қосу жөнінде маңызды міндеттер жүктеді»,-делінген басылымда.

Interfax: Қазақстан мен Албания екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті

7 қыркүйекте Interfax басылымы Албания мен Қазақстан президенттері екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге қатысты келіссөз жүргізгенін хабарлады.

Тараптар сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға баса мән бере отырып, Қазақстан мен Албания арасындағы серіктестіктің негізгі мәселелерін талқылады.


«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев туризм пен сауданы жақсарту үшін екі елдің астаналары арасында тікелей әуе қатынастарын орнату қажет екенін айтты. Албания Президенті Байрам Бегай Қазақстанға қонақжайлылығы үшін алғыс айтып, Тоқаевты Албанияға келуге шақырды»,-деп жазады агенттік.

Еurasianet:Қазақстан: Диқандар президенттен астық жинаудағы қиындықтарға қатысты көмек сұрады

8 қыркүйекте Еurasianetагенттігі Қазақстандағы құрғақшылық пен ұзақ жауған жаңбырдан кейін диқандардың қандай қиындықтарға тап болғаны туралы мақала жариялады.

«Қазақстанда биылғы жаздың қатты ыстық болуы астық жинауды айтарлықтай төмендеткен. Соңғы бірнеше айдағы ыстық ауа-райымен қоса бидай өсірушілер тағы бір мәселеге тап болған. Жергілікті БАҚ өкілдері хабарлағандай, бидайдың сапасы нашарлап кеткен. Алайда солтүстік облыстардағы егістіктерде жауын-шашын ұзаққа созылуына байланысты оны жинау мүмкін болмаған. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл ақпаратты растап, Қазақстанның солтүстік өңірлеріндегі фермерлер егіннің орта есеппен тек 23%-ын жинағанын хабарлады»,-делінген материалда.


Диқандар астықтың сапасыз болып, келесі жылы тұқымсыз қалу ықтималдығы жоғары екеніне алаңдаулы. Оларды астықты кептіру үшін әлдеқайда көп отын қажет ететін элеваторлардың рентабельділігі де уайымға салып отыр. Осы орайда, несиелік міндеттемелер мен субсидияларда шаруалар үшін маңызды мәселенің бірі болып тұр.

Anadolu: ШЫҰ Қазақстандағы терроризмге қарсы құрылымның аймақтық кеңесінің отырысын өткізді

Түркияның Anadolu агенттігі 8 қыркүйекте Астанада Қазақстанның төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) өңірлік терроризмге қарсы құрылым кеңесінің 40-отырысы өтті. Отырысқа Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, сондай-ақ Беларусь және Моңғолия елдерінің ресми делегациясы бақылаушы ретінде қатысты. Отырыста терроризмді қаржыландыруға жол бермеу, сонымен бірге қарудың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық мәселелері де сөз болды.


ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер ынтымақтастығының терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимылдар жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған бағдарламасын талқылады.

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Руслан Сейсембаев отырыстан кейін ұйымға мүше елдер терроризммен күресудің болашақтағы ортақ жоспарларын бекіткенін хабарлады. Оның айтуынша, сараптамалық бағалауларға сәйкес, интернетте жұмыс істейтін 10 мыңға дейін экстремистік электронды алаң бар.

Үндістан аумағында практикалық ынтымақтастықты күшейту үшін интернет желісін террористік және экстремистік мақсаттарда пайдаланудың жолын кесу бойынша практикалық семинар мен терроризмге қарсы оқу-жаттығу жоспарланған. 2024 жылы ҚХР аумағында терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығу өткізу туралы шешім қабылданды.

ANI: Қазақстандықтар енді Израильге тікелей ұша алады

Үндістанның ANI ақпарат агенттігі 7 қыркүйекте Қазақстан мен Израиль арасында тікелей әуе қатынасының ашылғаны туралы хабарлады. Ұшуды «Эйр Астана» әуе компаниясы жүзеге асырады.

«Эйр Астана» әуе компаниясы Airbus 321 үлгісіндегі әуе кемелерінде аптасына екі рейс (бейсенбі және жексенбі) жиілігімен Алматы – Тель-Авив бағыты бойынша жаңа тікелей тұрақты жолаушылар рейстерін орындауды бастауды жоспарлап отыр. Тель-Авивтен рейс 5 сағат 50 минутты құрайды. Қайту рейсінің ұшу уақыты – 6 сағат 45 минутты құрайды», - делінген мақалада.

Nikkei Asia: Қазақстанға киіз үйлер қайта оралып жатыр

Жапондық Nikkei Asia агенттігі қазақ киіз үйінің ерекшеліктері туралы мақала жариялады. Материалда ұлттық тұрғын үйлердің экологиялық тазалығы жайлы атап өтілген.

«Тұрғын үйдің бұл түрі экологиялық тұрғыдан қолайлы. Отбасы көшуге шешім қабылдағанда, дүние-мүлкін жиып, арқандарды шешіп, киіз бүктеліп, келесі жылы киіз тұрғызғанға дейін сол күйінде қалдырады», — делінген мақалада.

Мақала авторы сонымен қатар «глэмпинг» құрылымдарының идеясы киіз үйден бастау алатынын айтады. Жалпы алғанда, Қазақстанда киіз үйді үй ретінде пайдаланудың азаюы елдің дамуы мен жаңғыруын әлеуметтік, экономикалық, мәдени және мемлекеттік факторлардың үйлесімімен түсіндіруге болады. Қазіргі таңда Қазақстан мен Орталық Азиядағы туристер арасында танымал киіз үйлер ерекше демалыс орнын іздеген шетелдік туристерге қызмет көрсету үшін жасалған. Олар қазақтың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігіне шолу жасайды.


Соңғы жаңалықтар