Шетелдік БАҚ-тағы Қазақстан: Әзербайжан президентінің сапары, Қытаймен визасыз режим және Каспийдегі ынтымақтастық
АСТАНА, ҚазАқпарат - Осы аптада шетелдік БАҚ-та Әзербайжан басшысының Қазақстанға сапары, ірі мұнай компанияларына қатысты жүргізіліп жатқан арбитраждық сот процестері, Оңтүстік Кореямен негізгі пайдалы қазбалар бойынша ынтымақтастықты кеңейту туралы мақалалар жарияланды. ҚазАқпарат Қазақстан жайлы жазған әлемдік БАҚ шолуын назарыңызға ұсынады.
Trend.az:Әзербайжан мен Қазақстан бірқатар құжаттарға қол қойды
10 сәуірде Trend.az хабарлағандай, Астанада Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кездесу қорытындысы бойынша екіжақты құжаттарға қол қою рәсімі өтті.
Фото: akorda.kz
Екі елдің басшылары Қазақстан мен Әзербайжанның Жоғары мемлекетаралық кеңесін құру туралы хаттамаға, диаспора мен шағын және орта бизнестің жұмысы, ғылыми және мәдени ынтымақтастық туралы, сонымен бірге ҚР Президенті Телерадиокешені мен Әзербайжан мемлекеттік ақпарат агенттігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Фото: akorda.kz
Caspian News: Әзербайжан мен Қазақстан «Орта дәліздің» барлық мүмкіндігін пайдалануға келісті
Caspian News басылымында сәуірдің 12-сі күні жарияланған мақалада Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің 10 сәуірдегі Қазақстанға сапары кезінде Әзербайжан мен Қазақстанның «Орта дәліз» деп аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағытының барлық мүмкіндігін пайдалануға келіскені жазылған.
«Астанада өткен бірлескен баспасөз мәжілісінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елінің Каспий теңізі жағалауындағы көршісі Әзербайжанмен «Орта дәліздің» әлеуетін толық көлемде пайдалану маңызды екенін айтты», - делінген мақалада.

Reuters:Қазақстан ірі мұнай компанияларын шығынға байланысты арбитраж сотына бермек
Reuters агенттігі 11 сәуірде Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке сілтеме жасап, Қазақстанның Қашаған және Қарашығанақ мұнай кен орындарын игеруші компанияларға қарсы арбитраждық іс қозғағанын хабарлады. Министр операторларға қарсы сәйкесінше 13 миллиард доллар және 3,5 миллиард доллар көлемінде сотқа шағым түскенін айтты.
Фото: Reuters
«Мен бұл сот процестері Қазақстан халқының мүддесі үшін қозғалғанын ғана айта аламын», - деді Алмасадам Сәтқалиев сейсенбі күні.
ТАСС:Ресей мен Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғалары Каспий теңізі аймағындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті
Сәуірдің 11-і күні Ресейдің ТАСС ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен Мәскеуге сапармен барған Қазақстан премьер-министрінің орынбасары - сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Каспий теңізі аймағындағы көпжақты ынтымақтастықтың маңызына тоқталып өтті.
«Каспий теңізі аймағындағы көпжақты ынтымақтастықтың маңыздылығы атап өтілді, ол қазіргі халықаралық жағдайға тәуелді болмауы керек», - делінген Ресей СІМ мәлімдемесінде.

Korea JoongAng Daily:Корея мен Қазақстан пайдалы қазбалар мен инфрақұрылым саласындағы маңызды жобалар бойынша ынтымақтастықты күшейтеді
Korea JoongAng Daily Оңтүстік Кореяның ұлттық күнделікті газетінің JoongAng ағылшын тіліндегі басылымы 14 сәуірде Кореяның Өнеркәсіп министрлігіне сілтеме жасап, Корея мен Қазақстан негізгі пайдалы қазбалар мен ірі инфрақұрылымдық жобалар бойынша екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге келісті деп хабарлады.
Бұл туралы уағдаластыққа 14 сәуірде Сеулде Кореяның Өнеркәсіп министрі Ли Чан Ян мен Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың кездесуі барысында қол жеткізілді.
Фото: koreajoongangdaily
Тараптар Қазақстан мен Корея түрлі инфрақұрылымдық және энергетикалық жобаларда, мәселен, Шымкент қаласындағы комбинирленген циклді зауыт салуда ынтымақтасып, жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Министр Ли корейлік фирмаларды Қазақстанның энергетика және минералдық секторларында жаңа келісімшарт жасайтын жаңа жобаларды қарастыруға шақырды.
People’s Daily:Қытай-Еуропа жүк пойызы Сиань қаласынан Қазақстанға жол тартты
Сәуірдің 11-і күні Қытайдың People's Daily газеті материалдық емес мәдени мұраны тасымалдайтын Қытай-Еуропа жүк пойызы Қытайдың солтүстік-батысындағы Шэньси провинциясының Сиань қаласындағы Сиань халықаралық портынан Қазақстанға жол тартқанын хабарлады.
Фото: Li Zhiqiang
«Солтүстік Қазақстан облысындағы жергілікті әйелдер мен балаларға Сиань қаласындағы балалардың салған суреттері мен достық сезімін білдіретін хаттармен қоса, материалдық емес мәдени мұралар, оның ішінде боялған орамалдар, қуыршақтар және қағаз қиындыларынан жасалған жұмыстары жіберілді. Пойызды іске қосу кезінде Қытайда білім алып жатқан қазақстандық студенттерге арналған іс-шара өткізіліп, оларға Қытайдың материалдық емес мәдени мұралары, соның ішінде кесте, бетке арналған маскалар, балшықтан жасалған мүсіндер, қағаз қиындыларынан жасалған жұмыстар таныстырылды»,-делінген мақалада.
Jamestown Foundation, Eurasia Daily Monitor:Қазақстан Ресей мен Қытайды байланыстыратын газ құбыры жобасын ұсынып отыр
Eurasia Daily Monitor 12 сәуірде Ресей мен Қытайды Қазақстан аумағы арқылы байланыстыратын жаңа халықаралық газ құбырын салу туралы Қазақстанның ұсынысы туралы хабарлады.
Фото: jamestown.org
«Жаңа құбыр жобасы табиғи газ ресурстарын Қазақстанның шығыс аймақтарына жеткізу үшін қажет. Жоба бойынша соңғы шешім 1 мамырға дейін қабылдануға тиіс. Тұтастай алғанда, ұсынылып отырған құбыр ресейлік газды Қазақстанның шығыс аймақтары арқылы Қытайға жеткізудің ең жылдам әрі қысқа жолы болады деп күтілуде. Алайда нақты мәліметтер әлі жарияланған жоқ», - делінген мақалада.
Moldpres:Жақында Молдова-Қазақстан бизнес форумы өтеді
Молдованың Moldpres мемлекеттік ақпарат агенттігі 11 сәуірде жарияланған мақалада Молдова премьер-министрі Дорин Речеан мен Қазақстанның Молдовадағы елшісі Алмат Айдарбековтің кездесуінде талқыланған екіжақты бизнес-форумды ұйымдастыру жоспары туралы айтылған.
Фото: moldpres.md
«Ресми тұлғалар екі мемлекет арасындағы қалыптасқан қарым-қатынастарға баға беріп, экономикалық ынтымақтастық әлеуетін пайдалану мәселелерін талқылады», - деп жазады агенттік.
Eurasianet:Қытай-Орта Азия: «Болаттан жасалған түйе керуені» қайда бара жатыр?
Eurasianet сайтында 11 сәуірде Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоға сілтеме жасалған мақалада Орталық Азия мен Қытай арасындағы, оның ішінде көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға баса назар аударылған. Мақалада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Мұрат Мұқышевтың Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) бойынша ұлттық үйлестірушісі қызметіне жуырда тағайындалғаны, елші Чжан Сяоның Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Марат Қарабаевпен кездесуі жайлы жазылған.
Фото: gov.cn
Commonspace.eu: Қазақстан мен Қытай екіжақты визасыз режим енгізеді
Commonspace.eu сайтында сәуірдің 13-і күні жарияланған мақалада Қазақстан мен Қытайдың өз азаматтары үшін өзара визасыз режим енгізу жоспарлары туралы айтылған.
«Сәрсенбі күні Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Қазақстан үкіметі мен Қытай үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісімге қол қою туралы қаулы жобасын қоғамдық талқылауға шығарды», - деп хабарлайды басылым.

Келісімге Қытай мен Қазақстан сыртқы істер министрлері мамыр айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары кезінде қол қояды деп күтілуде.
Назерке Сүйіндік