Шетелдік БАҚ-тағы Қазақстан: Орман өрті, Сирия бойынша халықаралық кездесу және БАӘ-мен сауда байланысы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада шетелдік БАҚ-та Абай өңіріндегі орман өрті, БАӘ-мен сауда байланысын нығайту, Иранмен ынтымақтастықты тереңдету туралы мақалалар легі жариялады. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының шолу мақаласында.
Al Jazeera: Қазақстанда орман өрті салдарынан 14 адам қаза болды
Дохада орналасқан халықаралық Al Jazeera ақпарат агенттігі 10 маусымда Қазақстанның Абай облысындағы орман өрті туралы мақала жариялады.
Фото: ТЖД
«Қазақстанның солтүстік-шығысында болған ірі орман өрті салдарынан 14 адам қаза тапты, бұл Орталық Азия еліндегі соңғы жылдардағы ең үлкен адам шығыны. Төтенше жағдайлар министрлігі сенбі күні 316 адам эвакуацияланғанын мәлімдеді. Жоғары температура мен қатты желге қарамастан жағдай бақылауда», - делінген мақалада.
Arab News: Қазақстан мен БАӘ сауда байланыстарын нығайту туралы келісімге қол қойды
Эр-Риядта орналасқан Arab News ақпарат агенттігі 14 маусымда Біріккен Араб Әмірліктері мен Қазақстан арасындағы сауданы ілгерілету және тұрақты экономикалық өсуді қолдау мақсатында KazakhExport пен Etihad Credit Insurance компаниялары өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғанын хабарлады.

«Біріккен Араб Әмірліктері мен Қазақстанның экспорттаушылары екі ел компанияларын халықаралық транзакциялардағы ықтимал коммерциялық тәуекелдерден қорғау туралы келісімге қол қойғаннан кейін шариғатқа сай сақтандыру және сауда несиелеріне кеңірек қол жеткізеді», - деп жазады басылым.
Келісімге сәйкес, екі тарап шағын және орта бизнес, сауда салаларында қорғау шараларын пайдаланудың артықшылықтарын үйрету мақсатында семинарлар ұйымдастырады. Бұл шешімдер әртүрлі коммерциялық және геосаяси факторларға байланысты туындайтын төлем жасай алмау тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталған.
Anadolu Agency: Сирия бойынша төртжақты кездесу келесі аптада Қазақстанда өтеді деп жоспарланған
Түркияның Anadolu агенттігі 14 маусымда түрік дипломатиялық дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, келесі аптада Астанада Сирия бойынша Астана форматында кезекті халықаралық кездесу өтетінін хабарлады.

«Түркия, Ресей, Иран және Сирия Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары 21 маусымда Астанада кездесуді жоспарлап отыр. Төрт ел Түркия мен Сирия арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру, сонымен қатар терроризммен күрес, саяси үдеріс және гуманитарлық мәселелер, соның ішінде сириялықтардың еліне ерікті түрде, қауіпсіз оралуы туралы пікір алмасады», - деп хабарлады агенттік.
Mehr News Agency: Иран - Қазақстанның ислам әлеміндегі жақын серіктесі
Mehr ақпарат агенттігі 13 маусымда ҚР Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың Иранның Қазақстандағы елшісі Али Акбар Джокармен кездесуі туралы мақала жариялады, оның барысында тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастық пен әріптестікті тереңдету мәселелерін талқылады.
Фото: senate.parlam.kz
«Мәулен Әшімбаев Астана мен Тегеран арасындағы екіжақты қарым-қатынас Президент Тоқаевтың 2022 жылы Иранға сапарынан кейін қарқын алғанын атап өтті. Бұдан әрі Қазақстан мен Иран парламенттері арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытуға қазақстандық тараптың қызығушылығын білдірді», - делінген мақалада.
Euronews:Жылдам өзгеретін нарықтағы энергетикалық қауіпсіздік
14 маусымда Euronews арнасы Астана халықаралық форумының энергетикалық қауіпсіздікке арналған «Энергетикалық қауіпсіздікті қайта қарау: Айқын шешімдер шеңберінен шығу қажеттілігі» тақырыбындағы панельдік сессиясы туралы мақала жариялады.
«Еуропа мен Орталық Азия тез өзгеретін энергетикалық мәселелердің шешімін іздеуде. Астана халықаралық форумында энергетикалық қауіпсіздік мәселесі қызу талқыланды. Әлемдегі ең маңызды мұнай өндірушілердің бірі Қазақстан әлемдік энергетикалық нарыққа өзінің жеткізілімі мен ықпалын арттыруға ұмтылады», - деп хабарлады БАҚ.

Euronews арнасы Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың сөзіне сілтеме берген. «Қазақстан Еуропаның мұнайға деген қажеттілігінің шамамен 8 пайызын, ал уран қажеттілігінің шамамен 20 пайызын қамтамасыз етеді. Қазір біз қолда бар ресурстарды ескере отырып, Қазақстанда бейбіт атом өнеркәсібін дамытуды ойластырып жатырмыз», - деді Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары.
Asia Times: Орта державалар Астана форумында басты назарда
Asia Times жаңалықтар сайты 12 маусымда Астана халықаралық форумынан орта державалардың рөліне арналған мақала жариялады. «Орта держава» термині әлемдік аренада белгілі бір дәрежеде ықпалы мен күші бар, бірақ супердержава немесе ірі жаһандық ойыншы болып саналмайтын елді білдіреді.
«Форумның күн тәртібі азық-түлік қауіпсіздігі, су ресурстарын басқару және капитал ағындарынан бастап, Біріккен Ұлттар Ұйымының рөліне, экономикалық интеграцияға және орта державалар жауапты мемлекеттік басқаруды ұстануы қажет деген тақырыптарды жан - жақты қамтыды», - делінген мақалада.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пленарлық отырыста сөйлеген сөзі жан-жақты қарастырылған.

«Тоқаев Астанада Азия, Африка және Таяу Шығыстағы орта державалардың көпшілігінің басын қосты, дегенмен Латын Америкасы аз өкілдік етті. Делегаттар ұлы державалар арасындағы тартыс пен текетірестің кесірінен әлемнің бүкіл аймақтарының хаос пен қақтығысқа түсіп жатқанына бұдан былай бейжай қарап отырмайтындарын түсіндірді», - деп жазады Asia Times.
Global Voices: Қазақстан әлі де саяси қуғын-сүргін мен кеңестік дәуірдегі ашаршылықтан зардап шегуде
Global Voices басылымы 13 маусымда Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай мақала жариялады.
Мақалада Қазақстан тарихының ең ауыр кезеңі, соның ішінде ашаршылық пен сталиндік қуғын-сүргін туралы кеңінен жазылған.

«2020 жылы Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрды. 11 жұмыс тобынан тұратын діни қайраткерлер мен жергілікті зиялы қауым өкілдері қуғын-сүргін құрбандарын табу үшін мұрағаттарды зерттейді. Бұл комиссияны құру туралы шешім 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін қабылданған алғашқы заңдардың бірі болған. 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылдағаннан кейін 17 жыл өткен соң қабылданды», - делінген мақалада.