Шетелдік БАҚ-тағы Қазақстан: Орталық Азиядағы негізгі ойыншы, Катарға рейстер мен Пәкістанмен сауда әлеуеті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада шетелдік БАҚ Астанада Ауғанстан бойынша АҚШ + Орталық Азия сессиясы өтетіні, Ozon компаниясының елімізде логистикалық кешен салатыны, Қазақстан мен Катар арасындағы әуе рейстерінің артуы, Пәкістанмен сауда әлеуеті жайлы мақалалар легін жариялады. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының шолу мақаласында.
Eureporter.co: Қазақстан Президенті Скандинавия елдерінде Құранды өртеу әрекетін айыптады
26 шілде күні Eureporter.co басылымы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Солтүстік Еуропаның бірқатар мемлекетінде болған Құранды өртеу актілерін қазіргі әлемдегі жағдайды шиеленістіруге, халықтар мен мемлекеттер арасындағы сенімге нұқсан келтіруге бағытталған арандатушылық әрекет деп санайтыны жөнінде жазды.

«Қазақстан – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізуге бастамашы болған мемлекет. Бұл форум дәстүрлі діндер мен конфессиялардың көрнекті өкілдері арасындағы тиімді әрі табысты диалог алаңына айналды. Жиілеп кеткен діни вандализм мен аталған елдер азаматтарының жауапсыз әрекеті мемлекеттер мен діндердің бейбіт қатар өмір сүруіне кері әсерін тигізеді. Бұл жалпыға ортақ нормаларға қайшы келетін акциялар ретінде бірауыздан айыпталуға тиіс»,-деп жазады Eureporter.co Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясы да бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын білдіруі керегін атап өткен.
The Peninsula: Катар мен Қазақстан рейс санын арттыру туралы келісімге қол қойды
Катарлық The Peninsula порталы Қазақстан мен Катар жолаушыларды тасымалдау және жүк рейсі бойынша құқықтарды кеңейту бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойғаны жайлы мақала жариялады.

«Өзара түсіністік туралы меморандумға сәйкес, Алматы мен Астанада қосымша 7 рейстен ашып, апта сайынғы рейстердің жалпы санын 14-ке, ал жүк рейстерін 10-ға дейін жеткізу көзделген», - деп жазады басылым.
Interfax : Ozon Қазақстанда 3 миллиард рубльге логистикалық кешен салмақшы
Ресейлік Interfax агенттігінің хабарлауынша, Ozon компаниясы (интернет-дүкендер) Қазақстанда логистикалық кешен салады, инвестиция көлемі шамамен 3 миллиард рубльді (15 миллиард теңге) құрайтын болады.
«Логистикалық кешен жергілікті сатушылардың барлық онлайн-тапсырыс процесін жүзеге асыратын болады, яғни тауарларды қабылдаудан бастап сатып алушыға жеткізілгенге дейін іске асырады».-делінген мақалада.

Құрылыс бір жыл ішінде аяқталуы керек, нысанның ауданы 42 мың шаршы метрді құрайды.
Ozon-ның жобадағы серіктесі Bazis қазақстандық құрылыс компаниялар тобына кіретін Focus Logistics болды.
Daily Times: Қазақстан мен Пәкістанның сауда әлеуеті 1 миллиард долларды құрайды - Елші
Daily Times газетінің жазуынша, 26 шілде күні Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин Пәкістан мен Қазақстанның екіжақты сауда әлеуеті 1 миллиард долларды құрайды, сондықтан екі жақтың байланысы мен өзара іс-қимылы маңызды деп атап өтті. Бұл туралы ол Исламабадта өткен «Шағын және орта кәсіпорындар және кәсіпкер әйелдер» тақырыбындағы семинарда сөйлеген сөзінде айтты.

«Қазіргі уақытта Қазақстан экономикасына шағын және орта бизнестін қосып отырған үлесі өте зор, яғни 47%-ын құрайды. Сонымен қатар әйелдер Қазақстан экономикасында өте маңызды рөл атқарады, кәсіпкер әйелдер – Қазақстанда ірі бренд иелері, әсіресе тоқыма, тігін, сән және IT-индустриясында әйелдер көп», - дейді Daily Times Ержан Қыстафинге сілтеме жасап.
Intellinews: Қазақстан қазан айында Ресей газын Өзбекстанға тасымалдауды бастайды
Немістің Intellinews басылымы Қазақстан биыл қазан айында Ресей газын Өзбекстанға транзиттеуді жоспарлап отырғанын хабарлады.
«QazaqGaz» мемлекеттік компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жаркешов жуырда Атырау облысындағы нысандарды аралап, «Орталық Азия-Орталық» газ құбыры жүйесінің қазақстандық учаскесінің дайындық жұмыстарының барысымен танысты», - деп хабарлайды басылым.

Газ құбыры жүйесі ресейлік газды Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдауға арналған. Мамыр айында QazaqGaz мен ресейлік Газпром Қазақстан арқылы Өзбекстандағы тұтынушыларға табиғи газды тасымалдау туралы келісімге қол қойды. Келісім бойынша газ жеткізудің жылдық көлемі шамамен 2,8 млрд текше метрді құрайды деп болжанып отыр.
Daily Sabah: Қазақстан Орталық Азиядағы негізгі ойыншы ретінде рөлін нығайтып жатыр
Түркияның Daily Sabah газеті Орталық Азиядағы алпауыт мемлекет Қазақстанның көрші елдермен және Азия мен Еуропаның ірі экономикаларымен байланысын нығайта отырып, ойын ережесін қалай өзгертіп жатқаны туралы мақала жариялады.
Басылым жаһандық сауда мен халықаралық жеткізу тізбегінің тез өзгеретін ландшафты стратегиялық көрегендік пен дипломатиялық ұшқырлыққа негізделген көшбасшылықты қажет ететінін жазады. Бұл, әсіресе, Орталық Азия мемлекеттері сияқты күрделі геоэкономикалық жағдайға тап болуы мүмкін елдерге қатысты. Инфрақұрылымға инвестиция салу бұл елдердің экономикалық өсуі үшін өте маңызды.

«Осы сын-қатерлерге жауап бере отырып, Орталық Азия елі – Қазақстан өзін Азия мен Еуропа арасындағы сауда динамикасын өзгертетін жоба – Транскаспий халықаралық көлік маршрутының негізгі ойыншысы ретінде көрсете алды. Транскаспий халықаралық көлік дәлізі – Орталық Азия, Кавказ, Түркия және Шығыс Еуропа арқылы Қытай Халық Республикасы мен Еуропалық Одақты байланыстыратын теміржол жүк дәлізі. Жоба елге айтарлықтай экономикалық пайда әкеліп, сауда айналымын кеңейтіп, шетел инвестициясын тартады деп күтілуде. Бұл экономиканы дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер мен жұмыс орындарын ашып, инновация жасауды ынталандырады», - делінген мақалада.