Шетелдік БАҚ-тағы Қазақстан: ШЫҰ-ға төрағалық, Люксембургпен визаны жеңілдету мәселесі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада шетелдік БАҚ-та Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына төрағалықтың Қазақстанға ауысуы, Германия және Иранмен сауданың ұлғаюы, Люксембургпен визалық тәртіпті жеңілдету туралы мақалалар легі жарияланды. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының шолу мақаласында.
The Economic Times:Келесі аптадағы саммиттен соң ШЫҰ төрағалығы Үндістаннан Қазақстанға өтеді
The Economic Times газеті 4 шілдедегі ШЫҰ саммитінен кейін Қазақстан 2023 жылғы шілдеден 2024 жылғы шілдеге дейін Ұйымға төрағалық ететіні туралы жазды.
«Төрағалық кезінде Қазақстан қауіпсіздік мәселелеріне, экономика мен саудаға, энергетика мен денсаулық сақтау саласына баса назар аударады», — делінген материалда.

Trend.az:Қазақстан мен Люксембург визалық режимді жеңілдету мәселесін талқылады
30 маусымда Trend.az басылымында жарияланған мақалада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Люксембург Ұлы Герцогтігінің Сыртқы және еуропалық істер жөніндегі министрі Жан Ассельборн екі ел азаматтары үшін виза режимін жеңілдету мәселесін талқылағанын хабарлады.

Фото: trend.az
Кездесу барысында қос тарап мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтудің айтарлықтай әлеуеті барын атап өтіп, екі ел азаматтарының өзара қарым-қатынасын жақсарту үшін қолайлы жағдай жасауды талқылады.
Мұрат Нұртілеу Люксембург азаматтары басқа еуропалықтармен қатар Қазақстанға туристік немесе іскерлік виза рәсімдемей келе алатынын айтты. Ол шенген келісіміне Люксембург аумағында қол қойылғанын ескеріп, Ассельборн мырзадан Қазақстан азаматтары үшін Еуропа Одағымен визалық режимді либерализациялау төңірегіндегі ресми консультацияға қолдау көрсетуді сұрады.
Сонымен қатар Мұрат Нұртілеу Ассельборн мырзаға келіссөз барысында Қазақстанның саяси диалогты, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге деген ниетін қолдап, оны екі ел үшін ортақ мақсат деп қуаттағаны үшін алғыс айтты.
Екі министр де екіжақты қатынастарды жаңа биіктерге көтеру мақсатында тығыз ынтымақтастыққа дайын екендіктерін растады.
Eureporter: Қазақстан мен Германия 1,7 миллиард долларлық келісімдерге қол қойды
Eureporter басылымы 20 маусымда Астанада өткен Қазақстан-Германия бизнес-форумының нәтижесінде құны 1,7 миллиард доллардан асатын 23 коммерциялық келісімге қол қойылғаны туралы хабарлады.

Фото: akorda.kz
«Форумға 19 маусымда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанға ресми сапармен келген Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер қатысты. Тараптар сирек кездесетін металдарды өңдеу, станоктар мен ауылшаруашылық машиналарын жасау, сондай-ақ тоқыма өнеркәсібі, балық аулау және жасыл энергетика салаларында ынтымақтасуға келісті», - деп жазады басылым.
Pakistan observer:Иран мен Қазақстан ауыл шаруашылығындағы сауда көлемін 1 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр
Pakistan observer басылымы Иран Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Алиреза Пейманпактың Астанаға сапарының негізгі мақсаты қазақстандық және ирандық бизнес арасында жаңа іскерлік байланыс орнату екенін жазды. Ол екі ел ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібінде сауда алмасуды 1 миллиард долларға жеткізуді көздеп отырғанын айтты.

«Қазақстанға сапары барысында Иран делегациясы Алматы мен Астанада жаңа іскерлік және бірлескен инвестициялық мүмкіндіктерді енгізу бойынша екі мамандандырылған іскерлік кездесуге қатысты», — делінген мақалада.
Сондай-ақ Пейман-Пак Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары, сауда министрі, Ауыл шаруашылығы министрі және Алматы әкімін қоса алғанда, Қазақстанның ресми тұлғаларымен кездесіп, келіссөздер жүргізіп, оның барысында жемістер мен көкөністер, сүт өнімдерін экспорттау сияқты түрлі салалардағы ынтымақтастығы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Иран нарығына жеткізу мүмкіндіктерін талқылады.
ТАСС:Тбилиси, Астана және Баку Транскаспий дәлізі бойынша Жол картасын дамытуға келісті
ТАСС ақпарат агенттігі Қазақстан, Грузия және Әзербайжан Транскаспий (орта) көлік дәлізін дамыту бойынша бес жылдық Жол картасын дамытуға келіскенін хабарлады.
«Қазақстанмен 2027 жылға дейін «Орта дәлізді» дамыту жоспары келісілді. Біз Әзербайжан мен Қазақстанмен барлық кедергіні алып тастау және «орта дәлізді», соның ішінде Орталық Азия, Қытай мен жалпы Азия елдері үшін осы бағыт бойынша көбірек жүктердің өтуі үшін оны тартымды ету мақсатында ынтымақтасамыз», - деді Грузия Премьер-Министрі Ираклий Гарибашвили.

Грузия үкіметінің басшысы үш ел барлық кедергіні жою және орта дәлізді одан да тиімді ету үшін жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Agenda.ge: Грузия Премьер-Министрі Қазақстанмен «тығыз, стратегиялық» байланыстарды құптады
23 маусымда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Грузияға ресми сапармен барды. Грузия премьер-министрі Ираклий Гарибашвили Грузияға алғашқы ресми сапармен келген қазақстандық әріптесі Әлихан Смайыловпен өткен брифингте өз үкіметінің Қазақстанмен «тығыз» және «стратегиялық» серіктестігін құптады.
Гарибашвили туристер ағынымен бірге Қазақстанмен экспорт пен сауданың да жыл санап артқанын айтып, өз еліне қазақстандық инвестицияның маңызды екенін атап өтті.
Осы кездесулер барысында соңғы 17 жылда грузиялық инвесторлар Қазақстанға 400 миллион долларға жуық инвестиция құйса, тек өткен жылдың өзінде 100 миллион доллардан астам инвестиция салынғаны айтылды. Өз кезегінде қазақстандық кәсіпкерлер Грузия экономикасына 530 миллион доллардан астам инвестиция құйған.
Сондай-ақ ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында Қазақстан мен Грузия арасындағы тауар айналымы 5 есе артып, 167 миллион АҚШ долларын құрағаны сөз болды.