Шетелдік баспаның Қазақстан туралы кітабы бестселлер қатарында енді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықаралық танымал Springer баспасынан шыққан Орталық Азиядағы, оның ішінде Қазақстандағы білім беру реформасы туралы кітап ең көп сатылған 100 кітап қатарынан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ағылшын тіліндегі «Орталық Азиядағы білім беру: сын-қатерлер мен мүмкіндіктер калейдоскопы» кітабы академиялық журналдар мен кітаптар шығаратын шетелдік баспадан 2020 жылы жарық көрген.
Орталық Азиядағы бес елдің білім саласындағы реформалары мен олардың тиімділігіне қатысты зерттеулер шетелдік ғалымдар үшін аса пайдалы әдебиетке айналған. Бұған шамамен 100 еуро тұратын кітапты 2 мыңға жуық оқырманның сатып алуы дәлел. Шетелдік баспа аталған кітаптан 85 миллион теңгеге жуық пайда тапқан.
Қазақстанның білім беру саласына арналған бөлімінің авторы – ғалым, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова. Зерттеу жұмысы Қазақстандағы үштілді білім беру реформасына арналған. Автор Қазақстандағы үштілді білім беру саясаты толығымен қолдау тапқанымен, ел үкіметі бағдарламаның тұжырымдамасын, нақты талаптарын барлық аудиторияға бірдей жеткізе алмағанын айтады.
Жақында Оқу-ағарту министрлігі зерттеулер мен сараптамалар негізінде бірінші сынып оқушысына бірден үш тілді үйрену қиын екенін ескеріп, мемлекеттік тілдегі бірінші сыныптарда балалар тек қазақ тілін, орыс тілінде оқытатын сыныптарда – мемлекеттік және орыс тілдерін оқитынын мәлімдеген еді. Ал орыс тілі екінші сыныптан және ағылшын тілі барлық мектептерде үшінші сыныптан басталатынын хабарлаған болатын.