Шетелдік биржаларда акцияларды сатудан түскен табыс: Шығындар мен залал ескеріле ме
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті шетелдік биржаларда акцияларды сату кезінде құн өсіміне салық салу тәртібіне қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шынында да, қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес құнның өсімі анықталған кезде биржа комиссиялары, делдалдар немесе депозитарий сияқты шығыстарды шегеру қарастырылмаған және шеккен залалды кейінге шегеру де қарастырылмаған.
Жеке тұлғалардың шетелдік қор биржаларында тұрған акцияларды сатудан түскен табысын алуға байланысты шығыстарды шегеру мәселесі қарастырылып жатыр ма?
Қазіргі уақытта, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің (ҚР ҰЭМ) алаңында салық заңнамасын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы шеңберінде салық заңнамасына бірқатар түзету енгізу қарастырылуда. Жеке тұлғалардың кірістің осы түрін алуына байланысты шығыстарды шегеру мәселесі де қарастырылып жатыр.
Аталған талқылауға жеке адамдар да қатыса алады. Ол үшін Сіз ҚР ҰЭМ-не әлемдік тәжірибенің заңнамалық тұрғыдан реттелетін нормаларын ескере отырып, құнның өсуін анықтау туралы көзқарасыңызды жібере аласыз.
Неліктен шеккен залалды кейінге шегеру қарастырылмаған?
Келтірілген шығындар туралы айта кету керек, шеккен залал ұғымы «классикалық» түрде де, Салық кодексінің 299-бабына сәйкес те, шығындардың кірістен асып түсуін білдіреді. Бұл кірістер, ең алдымен, өндірістік қызметінің нәтижесінде пайда болады.
Бағалы қағаздарды сатудан түскен кірістер «пассивті» кіріске жатады. Ал жеке тұлғалар мұндай операциялардан түскен кірістер мен шығындарына есеп жүргізбейді. Сәйкесінше, мұндай операциялардан шеккен залалдар болашақта есепке алынбайды.