Шетелдік дипломаттар Қазақстан Президентінің сайлауына дайындық барысымен танысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сыртқы істер министрлігі мен Орталық сайлау комиссиясы елімізде аккредиттелген шетелдік дипломатиялық корпустың өкілдері үшін Қазақстан Республикасы Президентінің алдағы сайлауына арналған бірлескен брифинг өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Жиында Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді жаһандық геосаяси сын-қатерлерді ескере отырып, алдағы кезектен тыс сайлау Қазақстан үшін ғана маңызды емес екенін атап өтті. Өйткені, қазір тұрақты және өркендеп келе жатқан Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың мүдделеріне айтарлықтай дәрежеде жауап береді.

«Еліміз кең ауқымды жаһандық ынтымақтастыққа, сауда мен дипломатияға жәрдемдесуге ұмтылады», - деп қосты сыртқы саяси ведомствоның басшысы.

«Бұл жол Қазақстан үшін тарихи болып табылады. Сондықтан біз президенттік және парламенттік сайлауда сайлаушылардың жоғары қатысуына үміттенеміз. Біздің азаматтар ұлтымыздың болашағын анықтауда шешуші рөл атқаруы керек», - деді М.Тілеуберді.

Оның пайымынша, тәуелсіздіктің барлық жылдары Қазақстан халқы тұрақты, гүлденген және инклюзивті қоғам құру үшін жұмыс істеді. Біздің демократиялық құқығымызды жалпыхалықтық дауыс беру арқылы жүзеге асыру осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктерімізді нығайтуға көмектеседі және одан әрі ілгерілеуге негіз болады.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров президенттік сайлауды өткізуге дайындық барысы және оның негізгі рәсімдік аспектілері туралы айтып берді.

«Орталық сайлау комиссиясы өз жұмысын заңға қатаң сәйкес жүргізеді, ашықтық пен жария диалог қағидаттарында әрекет етеді. Ағымдағы сайлау науқаны «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» қолданыстағы Конституциялық заңның негізінде өтіп жатқанын атап өту маңызды», - деді Н. Әбдіров.

Оның айтуынша, ел бойынша сайлауда барлығы 10 101 учаске жұмыс істейді, ал сайлаушылар тізіміне 11 950 485 азамат кіреді. Сондай-ақ, Орталық сайлау комиссиясы дауыс беруге, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға қажетті жағдайлар жасауға ерекше назар аударады.

«Халықаралық байқаушыларды аккредиттеу кеше, 14 қарашада аяқталды. Орталық сайлау комиссиясы жанынан барлығы 641 байқаушы аккредиттелген, оның ішінде ЕҚЫҰ ДИАҚБ, ТМД, ТМД ПАА, ҰҚШҰ ПА, Түркі мемлекеттері ұйымы, ТүркПА, ШЫҰ, ИЫҰ байқаушылар миссияларының өкілдері, сондай-ақ 35 шет мемлекеттің өкілдері бар», - деп атап өтті ОСК төрағасы.

Н.Әбдіров дипкорпусқа президенттік сайлауды байқауға қатысуға ниет білдіргені үшін алғысын білдіріп, ОСК дауыс беру рәсімдерінің барынша ашықтығын, айқындығын және демократиялығын қамтамасыз ететініне сендірді.

Шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшылары Орталық сайлау комиссиясы төрағасының алдағы дауыс беруді ұйымдастыруға және сайлауды байқау процесіне қатысты көптеген сұрақтарына толық жауап алды.

Брифингке Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық миссияларының әрі ЕҚЫҰ ДИАҚБ және ТМД-дан Қазақстандағы сайлауды байқау жөніндегі миссияларының басшылары да қатысты.


Соңғы жаңалықтар