Шетелдік еңбекшілерге салық салудан бюджетке жылда 10 млрд.-қа жуық теңге түсуі мүмкін - Е. Досаев

АСТАНА. 27ақпан. ҚазАқпарат - Шетелдік еңбекшілерге салынатын салық заңдастырылса бюджетке жылына 4-10 млрд. теңгедей түсім түсуі мүмкін.

Шетелдік еңбекшілерге салық салудан бюджетке жылда 10 млрд.-қа жуық теңге түсуі мүмкін  - Е. Досаев

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлім етті.

«Қазақстандағы бағалау бойынша жыл сайын елімізде 100 мыңнан 300 мыңға дейін шетелдіктер заңсыз еңбекпен айналысады. Осыны ескерсек, бюджетке түсетін сома жылына 4-10 млрд. теңге аралығын құрайтыны болжанады», - дейді Ерболат Досаев.

Бұл ретте министр, заң жобасын әзірлеу барысында жеке тұлғалардың жұмыс күшін тарту жұмысының ұйымдастыруылының және реттелуінің әлемдік тәжірибесі зерделенгенін де атап өтті. Оның айтуынша, бұндағы анағұрлым оңтайлысы Ресейде енгізілген «еңбек патенті» болып табылады. Ал заң жобасы бойынша Қазақстанда жеке тұлғалардың үй шаруашылығы мен басқа да қызметтеріне еңбек мигранттарын тартудың тетігі әзірленген.

«Жалпы, соңғы екі жылда елімізге келген 2 млн.-нан астам шетелдік тіркелген. Оның шамамен миллионға жуығы еңбек көші-қонының донорлары болып табылатын негізгі елдерден, атап айтқанда, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан азаматтары болып отыр. Бұл ретте, олардың бір пайыздан азы ғана келу мақсатын «еңбек қызметі» деп көрсетсе, қалған 96 пайызы келу себебін «жеке мақсаттарға байланысты» деп көрсеткен», - Е. Досаев.