16:52, 11 Наурыз 2009 | GMT +5
Шетелдік инвестицияны игеруге отандық компанияларды тарту әлі өз деңгейінде емес ? АВЕ корпорациясының вице-президенті
АЛМАТЫ. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Мұнайгаз саласында шетелдік инвестицияларды игеруге отандық компанияларды тарту әлі өз деңгейінде емес. Оны АВЕ корпорациясының вице-президенті Талғат Жұмағалиев бүгін Алматыда теңге бағамын қолдау мен құрылыс индустриясындағы дағдарысты бәсеңдетудегі мұнайгаз саласындағы қосымша қорлар туралы
баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазақстан бизнес пен мамандар тәуелсіздіктің нығаюы кезінде аяғынан нық тұра бастады. Біз шынында да батыс мамандарымен бәсекелесе аламыз. Отандық компаниялар көрсететін қызмет батыс компаниялары ұсынатын қызметтен кем түсіп жатқан жоқ. Тек біздің даусымыз жетпей жатыр», дейді Талғат Жұмағалиев. Оның айтуынша, ірі жобаларда отандық тауар мен қызмет түрін ұсынатын өндірісшілер үлесінің төмен болуы шетелдік инвестицияны игеруде бірыңғай ойын тәртібінің болмауынан туындап отыр. Баршаға ұғынықты және тапсырыс берушілер мен мердігерлерге бірыңғай тәртіп орнатпай үлкен жобалардағы отандық компаниялардың үлесін арттыру үрдісін жеделдету мүмкін емес.