Шетелдік инвесторлар кеңесінің тиімділігі қандай

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 31-ші отырысы басталды. Бұған дейінгі отырыста біраз тапсырмалар берілді. ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек осы уақытқа дейін атқарылған жұмыс бойынша есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шетелдік инвесторлар кеңесінің тиімділігі қандай

«Былтыр Шетелдік инвесторлар кеңесінің 30-шы пленарлық отырысы өткен болатын. Сол кезде жаңа энергетика мәселесі қаралды. Үкіметке 15 нақты тапсырма берілді. Біріншіден, 2017 жылы 11 шілде күні электр энергетикасы мәселелері бойынша заң қабылданды. Аталған құжатта өндірістік компанияларға баламалы энергия нысандарын салуға рұқсат берілді. Мемлекет болса, ол энергияны сатып алады. Аталған жобалар бойынша биыл алғаш рет халықаралық аукциондар өткізіліп отыр. Қазірдің өзінде республика бойынша баламалы энергия шығаратын ондаған жобалар қолға алынды. Шетелдік инвесторлар тарапынан үлкен қызығушылық бар», - деді Ж.Қасымбек бүгінгі 31-ші отырыста.

Министрдің айтуынша, ЭКСПО аймағында жасыл технологиялар және инвестициялар орталығы ашылды. Ол да - Шетелдік инвесторлар кеңесінде көтерілген мәселе. Аталған орталық жасыл технологияларға қаржы тартатын болады.

«Сондай-ақ, бұған дейінгі отырыстың жұмысы бойынша шетелден жұмыс күшін тарту ережелерін жетілдіруге қатысты нақты шаралар әзірленді. Қоршаған ортаны қорғау нормалары да қайта қаралды. Бұның барлығы Экологиялық кодекс пен көші-қонның жаңа заңнамасында ескеріледі. Бұдан бөлек, кен игеру заңнамасында «газды технологиялық жағу» деген түсінікке нақты анықтама берілді. Қазір валюталық реттеу және салық саласына қатысты кеңестер пысықталып жатыр», - деп атап көрсетті Ж.Қасымбек.

null