Шетелдік инвесторлар салықтар мен айыппұлдарды өз еркімен төлеген жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартпауды өтінуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шетелдік ірі инвесторлар Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа салықтар мен айыппұлдарды өз еркімен төлеген жағдайда оларды қылмыстық жауапкершілікке тартпауды ұсынды.
None
None

«Бірлескен жұмыстардың қорытындысы бойынша кеңес қарауына келесі ұсыныстарды енгіземіз. Біріншіден, салықтық бұзушылықтарды декриминализациялау жүргізу қажет. Нақты айтқанда, салықтар мен айыппұлдарды өз еркімен төлеген жағдайда қылмыстық жауапкершілікті алып тасау керек», - деді ҚР Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің жалпы отырысында «Қазақстан шетел инвесторлары кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы Ульф Вокурки.

Оның атап өтуінше, инвестор компаниялардың лауазымды тұлғаларын болмашы салықтық заң бұзушылыққа байланысты қылмыстық жауапкершілікке тарту проблемалы мәселе болып отыр. Мәселен, басқарма төрағасының айтуынша, 20 мың айлық есептік көрсеткіштегі көлемде (шамамен 42 млн теңге) салықты төлемеу қылмыстық іс қозғауға себеп болады.

«Көптеген шетелдік инвесторлар ірі салық төлеуші болып табылады және есептеулердегі кішкене ғана қателік шекті мәннен асып кететін салықтың түспей қалуына, соның салдарынан автоматты түрде қылмыстық жауапкершілікке тартуға әкеледі. Бюджетке келген шығын салықтар, өсімпұлдар мен айыппұлдар есебімен толық қайтарылады. Дәл осы құқық бұзушылыққа бола қосымша қылмыстық жауапкершілікке тарту біздің ойымызша негізсіз», - деді ол.

Өз кезегінде Н.Назарбаев мұндай ұсыныстар шетелдік инвесторлар үшін жағдай жасайтындығын атап өтті. «Қазақстан Үкіметіне, сәйкесінше ведомстволар мен министрліктерге бұл ұсынысты тыңғылықты қарауды тапсырамын», - деді ҚР Президенті.

Соңғы жаңалықтар