Шетелдік инвесторлардың қатысуымен дауларды қарайтын дербес сот құру мәселесі қарастырылуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылғы 11 қарашада өзінің кезекті «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында әлемдік экономика дамуының қазіргі ахуалына шолу жасап, Қазақстанның жаңа экономикалық саясатын жариялап, таяу келешекке бағытталған негізгі басымдықтарды айқындап берді.
Осы орайда, сот жүйесінің үйлесімді жұмысы азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға ықпал ететін негізгі фактор болып табылады. Қазіргі экономикалық жағдайда сот жүйесінің алдында кәсіпкерлік субъектілері қатысатын сот істерінің қаралуын жеделдету, сот өндірісін жеңілдету және төрешілдік рәсімдерді азайту маңызды болып табылады. Осыған байланысты Жоғарғы Сот өз құзыретінің аясында еліміздің бірыңғай инвестициялық саясатын іске асыру жөніндегі жүйелі шараларды қабылдауда. Қолданыстағы заңнама негізінде бизнестің мүддесін сотта лайықты қорғауды жүзеге асыру мақсатында мамандандырылған экономикалық соттарда қаралатын істердің сапасын барынша арттыруға зор мән берілген.
Қазіргі кезде шетелдік инвесторлардың қатысуымен дауларды қарайтын дербес сот құру мәселесі қарастырылуда. Оны Жоғарғы Соттың мамандандырылған алқасы ретінде құру жолы да талқылануда. Бұл дауларды неғұрлым жоғары деңгейде шешуге және жергілікті билік органдарының сотқа ықпал етуінің әлеуетті мүмкіндігін болдырмауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Жоғарғы Сот Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, «Төрелік сот туралы» заң жобасын әзірлеуге де белсенді түрде қатысуда.
Бүкіләлемдік банкпен өзара ынтымақтастық шеңберінде сот әділдігін институционалдық тұрғыдан нығайтуға бағытталған бағдарламалық құжат бекітілді. Аталған жоба бойынша судьялардың біліктілігін арттыру және мамандандырылған экономикалық соттардың қызметін оңтайландыру, осы бағыттағы сот ісін жүргізудің тетіктерін жетілдіру бойынша бірқатар нақты шараларды жүзеге асыру жоспарланған.