Шетелдік компаниялар жергілікті әкімшіліктерге жалған ақпарат берулерін тоқтатар емес ? апталық брифинг

АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Республикадағы шет елдік компаниялар жергілікті әкімшіліктерге келісімшарттағы талаптардың орындалғандығы жөнінде жалған ақпараттар беріп келген.

Шетелдік компаниялар  жергілікті әкімшіліктерге жалған ақпарат берулерін тоқтатар емес ? апталық брифинг
Бұл туралы бүгін апталық брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ол келтірген мәліметтер бойынша, Атырау облысында «Фиркрофт Инжиниринг Сервисез Лимитед» компаниясының өкілдері 2007-2008 жылдарға сырттан жұмыс күшін тарту туралы берілген рұқсаттарында 25 шетелдікті қазақстандық жұмысшылармен алмастыратынын көрсеткен. Оның ішінде 18 жұмысшы -1-ші дәрежелі қызметкерді, 7 жұмысшы 2-ші дәрежелі еңбеккерді алмастыруы қажет болған. «Ал компания өкілдері біршама уақыт өткен соң өздерінің тиісті келісім -шарттарын ішінара болса да орындап отырғандықтарын айтып, жергілікті әкімшілікке 1-ші дәрежелі 5 шетелдік жұмыс күшін қазақстандық жұмысшылармен алмастырғандықтары жөнінде ақпарат берген. Ал тексеру бұл мәліметтердің жалған екендігін көрсетті», - деді ресми өкіл. Оның айтуынша, прокурорлық тексерулер барысында «Петро Қазақстан Оверсиз Сервисез Инк» акционерлік қоғамында корпоративтік жүйені қолдау учаскесінің шебері болып келген шетелдік Р.Пришбыч осы қызметпен айналысу үшін алдын ала дайындықтан өткен Д.Саловпен алмастырылған.