Шетелдік мамандар қазақстандық әріптестерінен 10 есе көп жалақы алады

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайты хабарлады.
Мәселен, «Экспертиз с.р.л.» компаниясының Атырау облысындағы бөлімшесінде қазақстандық қызметкердің жалақысы 341 300 теңге болса, шетелдік қызметкердің жалақысы 3 млн. 817 100 теңге. Бұл жөніндегі іс қағаздары қаралу үстінде.
Тексеру барысында осындай жағдайлар басқа да өңірлерде анықталып болып отыр. Атап айтар болсақ, Алматы қаласындағы «Урим Констракшн ЛТД» компаниясы қызметкерлерінің еңбекақысында да осындай айырмашылықтар байқалған. Аталмыш компанияның техникалық директоры 95 мың теңге алады. Оның үстіне 25 мың теңге үстемақы қосылады. Ал оның шетелдік әріптесінің жалақысы - 455 000 теңге. Оған қоса 45 мың үстемақысы бар. Құрылыс жөніндегі директорлар сәйкесінше 300 000 және 500 000 теңге, 1-ші санаттағы жобалаушы инженерлер 60 000 және 359 700 теңге, техникалық дамыту қызметінің бастықтары 200 000 және 500 000 теңге алады.
Алматы облысындағы «Стекольная компания САФ» компаниясының «Южный - 1,2» бөлімшесінде зауыттың әйнекжасаушы машинасының қазақстандық операторы айына 75 099 теңге табады, ал оның шетелдік әріптесі 211 648 мың теңге алады. Ақтөбе облысындағы «Сагиз Петролеум» ЖШС-ның тең дәрежелі қызметкерлері сәйкесінше 170 мың және 512 481 теңгеден табады. Бұл жөніндегі іс қағаздары прокуратураға жолданған.
Сонымен қатар осындай диспропорциялар «Борусан Макина Қазақстан» ЖШС-нде (Алматы қ. және Ақтау қ-дағы бөлімше), АК «Дженгиз Иншаат Санайии Ве Тиджарет Аноним Ширкети» бөлімшесі, «КCC Engineering & Construction Co. Ltd.» АҚ бөлімшесі (Жамбыл обл.) және басқа да көптеген компанияларда орын алған.
Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарында еңбекақы айырмашылықтары байқалған жоқ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолданған шаралары аясында белгілі болған фактілер прокуратура органдарына жіберілді.