Шетелдік мамандарға жалақының басым бөлігі олардың табыс әкелуіне байланысты төленеді - Ө. Шөкеев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шетелдік мамандар жалақысының басым бөлігі олардың табыс әкелуіне байланысты төленеді. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев осылай мәлім етті.
Қор басшысының айтуынша, 2012 жылдан бері «Самұрық-Қазына» компаниялары аясында персоналдарға қаралатын шығындар қысқартылып келеді.
«Мәселен, әкімшілік-басқару персоналы бойынша екі мыңға тарта жұмыс орны қысқарды. Сонымен қатар, егер біз трансформациялауды жүзеге асырғымыз келсе, өзімізде халықаралық стандарттар енгізсек, онда бізге халықарлық тәжірибе мен білімге ие мамандар керек. Сондықтан да, біз рекрутингтік компаниялар арқылы әлемдік деңгейлі шетелдік мамандардың бірнешеуін тауып, жалдадық. Олардың бірі «IBM», «GE-Филип Моррис» компанияларында істеген», - деді Ө. Шөкеев.
Оның айтуына қарағанда, халықаралық рекрутингтік компаниялардың ұсынысы бойынша шетелдік мамандардың жалақысы екі бөліктен тұрады, оның біріншісі тұрақты, екіншісі ауыспалы бөліктен. Ал мұндағы тұрақты бөлік 20, ауыспалы бөлік 80 пайызды құрайды.
«Олардың жалақысы бәсекеге қабілетті болуы шарт. Өйткені, біздегі жалақы басқа елдерге, тіпті Ресейге қарағанда біршама төмен. Сондықтан да ондай мамандарға жалақы төлеудің екі бөлігі қарастырылған. Мұндағы ауыспалы бөлік компанияға табыс әкелуіне байланысты төленеді», - деді Ө. Шөкеев.