Шетелдік мұнай компанияларын басқаруға қазақстандықтар көптеп тартылмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шетелдік ірі мұнай өндіру компанияларындағы басшылық қызметте қазақстандықтарға басымдық беру мақсатында жаңа жоба қолға алынуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінде еліміздегі шетелдік ірі компаниялардың барлығында департамент басшылары шетел азаматтары. Көптеген компаниялардың Қазақстанда жұмыс істеп жатқанына 20 жылдан асты, дегенмен компания басшыларының ішінде отандық мамандар жоқ. Сондықтан біздің одақ ҚР Энергетика министрлігімен бірігіп шетелдік мұнай өндіру компанияларындағы басшылық қызметке, нақты айтқанда департамент басшылығын отандық мамандармен қамту жобасын қолға алдық», - деді Қазақстан мұнай сервис компаниялар одағының жобаларын басқарушы Нияз Жұмат ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, ірі компанияларды қазақстандықтардың басқаруының артықшылығы отандық мұнай өндіру компанияларының жұмысының алға басуына септігін тигізеді екен.
Сонымен қатар мұнай сервис одағының өкілі қазірде Теңіз Шевройл, Қарашығанақ тағы басқа ірі мұнай өндіру компаниялары басшылығында бірде-бір Қазақстан азаматының жоқтығында тілге тиек етті.
«Шетелдік мамандар бізге 3-4 жылға келісімшартпен келеді, олар Қазақстанның ішкі нарығын толық білмейді, осы тұрғыда өз азаматтарымыздың позициясын ұсынып, қолдауымыз керек. Осы мақсатта 2025 жылға дейін барлық ірі мұнай компаниялары басшылық қызметтерінде Қазақстан азаматының болуын қамтамасыз ету, басқаша айтқанда талап етуді қолға алудамыз», - деді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде алдағы жылдан бастап Каспий теңізінде Хазар және Қаламқас мұнай өңдеу жобалары сол сияқты Теңіз кен қойнауында бюджеті 5 млрд АҚШ долларын құрайтын тағы бір мұнай өндіру жобасы іске қосылады.