Шетелдік мұнай компаниясы экологияға келтірген залалы үшін жауапкершілікке тартылды - Бас прокуратура
АСТАНА. Қаңтардың 18-і. ҚазАқпарат - Қазақстандағы шетелдік мұнай компаниясы шығарылатын қалдық заттарды нормадан тыс асырғаны үшін жауапкершілікке тартылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Бас прокуратурасына сілтеме жасап.
Мәселен, Атырау облысының табиғатты қорғау прокуратурасы «Прикаспиан Петролиум Компани» ЖШС-да табиғат заңнамаларының сақталуына тексерістер жүргізіп, нәтижесінде аталған мекеме ҚР Экологиялық кодексінің қауіпті қалдықтардың қолданылуын реттейтін талаптарын өрескел бұзып отырғандығын анықтаған.
Шетелдік компания 2008 жылдың қаңтар айында іліспе газды барлығы 1,5 млн. текше метр көлемінде жағуға арнайы рұқсат алған. Анықталғандай, компания іліспе газдың аталған лимитін және одан тыс 47 мың.текше метр көлемін жаққан және ҚР «Мұнай туралы» заңының талаптарын бұзып, бұл жөнінде уәкілетті органдарды хабардар етпеген.
Тексеру қортындысымен енгізілген ұсыныстар нәтижесінде, «Прикаспиан Петролиум Компани» ЖШС-ның жауапты тұлғасына Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 270 бабына сәйкес 19440 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, бір тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ келтірілген экологиялық залал үшін мемлекет пайдасына 705 890 теңге айыппұл өндірілді.