Шетелдік сапарлармен әуестенбей, жаттығуларды елімізде тиянақты өткізу керек - Туризм және спорт министрлігі

«Соңғы кезде біздің жаттықтырушылардың көбі қаржы пайда болғаннан кейін шетелдік сапарлармен әуестеніп кетті. Енді бұл сапарларды қысқартып, барлық дайындықты елімізде өткізу қажет. Атап айтқанда, бізге өте жақсы спорттық базалар тапсырылғанын ескере отырып, спортшылар спорттық шеберліктерін Қазақстанда шыңдауы тиіс»,- деді министр.
«Біз бұл сапарлармен бұдан әрі де әуестене берсек, ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Еліміздің жүлдегер штангистері ешқайда шықпай, барлық дайындықтарды Текеліде өткізді. Енді алдағы уақытта Түркияда әлем чемпионаты болады. Бұл сайысқа да олар елімізде дайындалып жатыр. Біздің танымал былғары қолғап шеберлері, биік нәтижеге қол жеткізген спортшылар соңғы кезде елеулі қаржыға ие болды және жаттықтырушылар сапарларға құмартты»,- деді Т. Досмұхамбетов. Осы тұрғыда министр спорт саласындағы жетекшілер алдағы жұмыстардың жоспары мен жаттығудың үдерісін дұрыс құрулары керектігін тапсырды. «Қазіргі кезде комитет ұлттық спорт түрлері бойынша жұмыстың барша жоспарын қайта қарастырып жатыр. Жақын арада олар жаңа бағдарламамен және жаңа құрылыммен жұмыс істейтін болады»,-деді ведомство басшысы.