Шетелдік сарапшылар Еуразияның тұрақты дамуы туралы кеңес берді
«Бәйтерек» холдингі ұйымдастырған сессияда «Еуразия тұрақты дамуда қай бағытта келеді?» сұрағы қойылды.
Гонконг инвестициялық банкинг департаментінің басшысы Барри Чан Қытайда тұрақты даму мәселесі қалай қарастырылатынын айтты.
«2013 жылы Төраға Си таза су мен жасыл таулар тұжырымдамасын жариялады. Сонда ҚХР Төрағасы тұрақтылық – азаматтардың әл-ауқаты екенін айтты. Осылай 2013 жылдан бері Қытайда тұрақтылық туралы көбірек білдік. Си Цзинпинь Назарбаев Университетінде де Қытай 2030 жылға қарай көміртегі шығарындыларын азайтып, 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына жететінімізді айтты. Бұл біздің ұлттық мақсатымыз және азаматтарымыз осы көзқарасқа жету үшін жұмыс істеп жатқанымызды біледі», - деді Б. Чан.
Ал франциялық MHB SAS инвестициялық консалтингілік компаниясының президенті Мари Элен Берар Еуропада барлық салада тұрақты даму міндеті барын айтты. Бірақ кейде тұрақтылық жаңа жұмыс орындары мен табыс әкелетін жобаларды бастауға мүмкіндік бермейді.
«Француз Гиянасы аумағы Амазонка ормандарымен қоршалған, алтынға өте бай, бірақ белсенді халықтың 30% жұмыссыз отыр. Онда Бразилия немесе Суринамнан келгендер алтынды заңсыз, технологиясы нашар, қауіпті түрде өндіреді. Кейбір ірі компаниялар француз үкіметіне алтын өндіруге жауапты қарайтындарын айтты. Бірақ елде қоршаған ортаны қорғау идеяларымен айналысатын агрессивті ҮЕҰ әр гүл мен әр көбелекті қорғап шығады. Мен айтқан Франция мысалы Еуропаның басқа елдеріне де қатысты. Германияда қандай да бір шахтаны, тау қойнауын ашу мүмкін емес. Батарейкалар мен телефондар үшін бізге пайдалы қазбалар қажет. Бізде бұл қазбалар болса да, шахтаны аша алмаймыз», - деді ол.
«Бәйтерек» басшысы Қанат Шарлапаев тұрақты дамуға жету мен адамдардың әлеуметтік қажеттіліктерінің балансы сақталуы керегін айтты.
«Еуропадағы энергетикалық дисбаланс пен инфляцияның өсуі жағдайын талдап, «жасылға» ауысу сомасы жеткілікті бағаланбады деп ұйғардық. Біз өз әрекетіміздің салдарын түсінуіміз керек. Егер халықтан гөрі қоршаған ортаға көбірек көңіл бөлсеңіз, табысқа жету қиын. Мәселе дұрыс тепе-теңдік жолын табуда. Тұрақты даму мақсаттарын қолдау керек, бірақ Үкіметтің реттеу шаралары өмір сапасының төмендетпеуін ойлаған жөн», - деді ол.