Шетелдік жұмыс күшінің Қазақстанда болуын реттейтін уақыт жетті - И. Адырбеков

None
None
АСТАНА. 28 маусым. ҚазАқпарат - Шетелдік жұмыс күшінің Қазақстанда болуын реттей түсетін уақыт жетті. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков осылай мәлім етті.

Сенатордың айтуынша, өткен жылы 94 мыңға жуық Қырғыз азаматы Қазақстанға келген. Ал Қазақстаннан Қырғыз еліне барған  азаматтардың саны 3 мыңның айналасында ғана.

«Қазақстанның демалыс орындарында турист ретінде жүрген қырғыз азаматтары жоқ десек те болады, олардың барлығы дерлік елімізге келіп, заңсыз болса да әртүрлі салада жұмыс атқармақ. Ал ендігі уақытта 90 күнге рұқсат алған оларға жұмыс істеуге толық жағдай жасап отырмыз. Менің ойымша, бұны реттейтін уақыт келген тәрізді. Мәселен, Ресейдің патенттік жүйесі бар. Соны басшылыққа алуымыз керек. Сондықтан да, қай елден болмасын, Қазақстанға келген азаматтар біздің заңымызды бұзбайтын болуы, ал жұмыс жасайтын болса біздің экономикамызға тиісті үлес қосатындай болуы шарт», - деді И. Адырбеков.  

Еске сала кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасы Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының Қырғыз Республикасы аумағында және Қырғыз Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы» заңы қабылданды. Аталған келісімге сәйкес еліміздің аумағында жүрген Қырғыз азаматы уәкілетті органдарға тіркелуге міндетті және келген азамат тіркеуден бастап 90 тәуліктен аспайтын мерзімде Қазақстанда бола алады.

Соңғы жаңалықтар