Шетелдіктер асырап алған балалардың 90 пайызы - дене және психикалық дамуы жағынан жетілмегендер
АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Шетелдіктер асырап алған балалардың 90 пайызы - дене және психикалық даму жағынан жетілмеген балалар.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» кодексі жобасының өзекті мәселелерін талқылауға арналған дөңгелек үстел барысында Білім және ғылым министрлігі Балалар құқын қорғау комитетінің төрағасы Жұмажан Жүкенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Комитет төрағасының айтуынша, шетелдік азаматтар асырап алған қазақстандық сәбилердің басым бөлігі - ата-ана қамқорлығынан айырылғандар. «Әрі олардың 90 пайызы дене және психикалық дамуы жағынан жетілмегендер, тұқым қуалайтын ауруларға шалдыққандар болып отыр. Мәселен, 2008 жылы шетелдіктер асырап алған 709 баланың 665-і кемтар, туа біткен науқас жандар. Бұдан басқа асырап алынған 18 балаға аурулары бойынша тиісті операция жасау қажет етіледі», - деді Ж. Жүкенов. Жиын барысында бірқатар депутаттар шетел азаматтарының қазақстандық балаларды асырап алуына қарсылық білдіріп, ондай норманы алып тастау қажеттігін көтерген болатын. Дегенмен де, комитет төрағасы Ж. Жүкенов шетелдік азаматтарға берілетін бұл құқықты терең зерттеу қажеттігін алға тартты. Оның айтуынша, денсаулығында кінараты бар балаларды көбінесе шетелдік азаматтар асырап алып, баланың денсаулығы үшін қымбат емдер жүргізуге, операциялар жасауға жағдай қарастырып отыр.