«Шетелдіктер де «made in Kazakhstan» технология пайдаланса, несі жаман?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 27 шілде. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 27 шілде, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Елбасы Н.Назарбаев Лондонға сапары барысында Кембридж  университетіне барған. Осы білім ошағының оқытушылар мен студенттерімен кездесуі барысында Мемлекет басшысы: «Біз Кембридж университетімен, әсі­ре­се, жаңа технологиялар, жаң­ғыр­малы энергия, экология салаларында қызметтестікті кеңей­туге әзірміз. Осыған байланысты бүгін менің Қазақстан мен Кембридж университетінің бірлескен күш-жігерімен құрылған Орталық-азия­лық иннова­циялық қор жұ­мысының басталғандығы туралы хабарлағым келеді. Ол біздің өңірдің инновациялық әлеуетін дамытуда маңызды рөл атқа­ра­тын болады. Біздің ұлы ғалымымыз әл-Фараби атында­ғы стипендияны тағайындау да өте маңызды оқиға болып табылады», - деді. Мақала «Кембриджде көрсетілген көкжиек» деген тақырыппен берілген.

 

«Қазақстандық үлес ұлғая түсуде». «Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, осындай атпен «Қазақмыс тобының» ұйымдастыруымен Тәуелсіздік сарайында тауар өндірушілерді қолдау мақсатындағы ІІІ форум өтті. Оған Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Эдуард Огай, халықаралық және отандық өндіріс кәсіпорындары өкілдері қатысты. Форум бағдарламасына сәй­кес әуелі жиылған жұртшылық са­ладағы жетістіктерді наси­хат­тау­ға бағытталған арнайы көр­ме­ні тамашалады. Мұнда еліміздің бірқатар аймақтарынан түрлі табысты өнімдер назарға ұсы­ныл­ды. Олардың қатарында Өске­мен­дегі «Азия авто» АҚ пен «Петропавл ауыр машина жасау зауы­ты» АҚ-тың жасап жатқан игі жұмыстары да бар. Жиын мақсаты - өзара ықпал­дастық, өнімдерді жеткізу мен отан­дық және шетелдік өнім өн­діру­шілер арасында сұхбат ала­ңын қалыптастыру.

***

«Әр елдің өзге елден, тіпті әр қаланың басқа қаладан ерекшелендіріп тұратын өзіндік келбеті, ырғағы, әуені, көңіл күйі болады. Ал елдің, қаланың қайталанбас келбетінің қалыптасуында ескерткіштердің елеулі рөл атқаратынында ешкімнің күмәні болмас. Ел мұраты - ескерткіштер қаланың, ауыл-аймақтың сәні ғана емес, мәні де, рухы да», -  деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Ескерткіштеріміз еңсесін қашан түзейді?» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, еліміздегі ескерткіштер мен бюсттердің көпшілігі - мағынасыз, маз­мұнсыз, сәтсіз шыққан дүниелер. Мүсін жасау - өнерден гөрі саясатқа, ақ­шаға айналып кетті. Бұл - өнерге жа­салған қиянат. Жалпы, ескерткіш орнату - мемле­кеттік саясат. Ендеше қандайда бір ескерткіштің бой көтеруі мемлекеттің ті­келей араласуымен жүзеге асуы тиіс!

 

«Айқын» газетінің жазуынша, бүгін түн бел ортадан ауа Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында ХХХ жазғы Олимпиада ойындарының алауы тұтанады. 12 тамызға дейін созылатын байрақты бәсекеге 205 мемлекеттен келген 13 мыңға жуық спортшы қатысады. Жер жаһаннан жиналған үміткерлер спорттың 26 түрі бойынша 302 медальдар жиынтығын сарапқа салады. Жарыс жолына шығатындар арасында атағы алысқа жайылған саңлақтардың қатары тым қалың. Олардың әрқайсысы тек алтын медальді олжалауды ғана көздейді. Сол себепті де Олимпиада барысында жанкүйер қауым нағыз «жан алысып, жан беріскен» айқастардың куәсі болары хақ. Ал командалық есептің бас жүлдесі үшін талас, мамандардың пайымдауынша, АҚШ, Қытай және Ресей құрамалары арасында өрбиді», - деп жазады басылым. Мақала «Әлем назары - Тұманды Альбионда» деген тақырыппен берілген.

***

«Полигон аумағындағы жерлерді пайдалануға беру қаншалықты тиімді?». Дәл осы мәселені көтерген «Алаш айнасы» газетінің жазуынша, полигон аумағындағы жерлердің 95 пайызын халық шаруашылығының пайдалануына берудің теріс салдары үлкен екен. Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен ғалымдардың дені полигон жерлерін пайдалануға беру мәселесіне түбегейлі қарсы. Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталығы Радиациялық қауіпсіздік институтының бұрынғы директоры, 40 жылдан астам еңбек өтілі бар эколог әрі метеоролог, радиациялық қауіпсіздік пен метеорология саласындағы білікті маман Лариса Птицкаяның сөзіне сенсек, плутония-240 изотоптары табиғи жолмен 6 500, плутония-239 изотоптары 21 000 жылдан кейін ыдырайды. Ал плутония-241 ыдыраған кезде жаңа альфа-сәулесі түзіледі: америций-241, оның төндіретін қаупі жыл сайын тек өседі! Егер плутонияның бір бөлігі адам ағзасына түссе, сүйек тінінде 80 жыл, бауырда 40 жыл өмір сүреді екен. Барлық тірі жасушаларды өлтіріп, олардың табиғи қасиетін жойып, бұзуға әкеп соғады. Ол жерді қалпына келтіру үшін  бір мезгілде шамамен екі миллион гектар жердің үстіңгі қабатының шамамен 25 сантиметрін сыпырып, жерге көміп тастау керек екен.

 

Осы басылымда «Шетелдіктер де  «made in Kazakhstan» технология пайдаланса, несі жаман?» деген тақырыптағы мақалада инновацияның арқасында арзан мұнай өндіруге болатыны сөз етілген. Қазіргі жағдайда арзан жанар-жағармай, яғни елімізде бензиннің литрі 65 теңгеден  өндіруге бола ма? Мұнай өңдеу саласына инновация енгізуге талаптанып отырған мамандар бұған әрине, деп жауап берер еді.  «Кавитар Азия» инновациялық-сервистік компаниясы өздері ойлап тапқан озық технологияның көмегімен 1 тонна мұнайдан 95 пайыз жанар-жағармай өнімдерін алуға болатынын дәлелдеп отыр. Ал мұнайдан қалған 10 пайыз мазутты экологиялық таза отынға айналдырмақ. Компания өкілі Нұрлан Мұратқалиевтің айтуынша, егер бұл технологияны мемлекет енгіздіретін болса, елдің жалпы ішкі өнімі 5 пайызға өспек. «Өзіңіз есептеп көріңіз, егер бензиннің литрі 65 теңгеден болса, халықтың жағдайы біршама көтерілмей ме? Бұдан ел де бақуатты болады. Сондықтан да, мемлекет бізге назарын салып, қолдау көрсетсе дейміз», - дейді Нұрлан Мұратқалиев.

 

«Солтүстік Қазақстан облысында Қытай, Словения және Қазақстан инвесторларының көмегімен мұнай өңдеу зауыты салынатын болады. Жоба «2009-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының мұнай өңдеу зауыттарын дамытудың кешенді жоспары» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады», - деп жазады «Известия Казахстан» газеті бүгінгі санындағы «Нефтезавод для севера» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, жобаланған зауыттың пайдалануға берілген алғашқы жылдары жылына 5 млн. тоннаға дейін шикі мұнайды өңдеуге қауқарлы болады. Болашақта қуаты 10 млн. тннаға дейін арттырылады.  Жоба құны шамамен 2 млрд. АҚШ долларын құрайды.

Соңғы жаңалықтар