Шетелдіктер Қазақстан спутниктерінің қызметіне жүгіне бастады

ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Астананың іргесінде тұрғызылып жатқан Ұлттық ғарыш орталығында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Комитет мүшелері орталықта тәжірибелік өндірісі бар ғарыштық техниканы Арнайы құрастырушылық-технологиялық бюросының жұмысын тексерді.
Сенаторларға орталықтың жұмысын баян еткен ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов соңғы жылдары Қазақстанның ғарыш спутниктеріне әр түрлі мемлекеттер қызығушылық танытып жатқанын атап өтті.
«Бұл 750 шақырымнан түсірілген кескін, - деді Бейбіт Атамқұлов. - Осы кескінді түсіріп тұрған екі спутник халық шаруашылығында да, ұлттық қауіпсіздік бағытында да қолданылады. Біз осы спутниктер арқылы 28 миллион гектар аумақтың кескінін мемлекеттік органдарға қайтарымсыз беріп отырмыз.
Министрдің сөзіне қарағанда, көршілес елдермен аталған бағытта байланыс нығая түскен. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Ауғанстан елдеріне бүгінгі таңда қазақстандық спутниктен түсірілетін кескіндер ұсынылып отыр.
«Осы елдердің ішінде Ауғанстан біздің спутниктерге ерекше қызығушылығын білдіруде. Көршілердің ішінде Түркіменстан біздің спутниктердің кескініне тапсырыс берді. Қазақстандық Ұлтттық ғарыш орталығы Airbus компаниясымен бірге конкурсқа қатысуды көздеудеміз. Өзбекстанда телекоммуникациялық спутник жоқ. Біз оларға байланыс қызметін ұсындық. Ауғанстанмен бірлесе жұмыс атқару бойынша үлкен үміт бар», - дейді министр.
Спутниктер тобындағы елдермен жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Бұл бағытта БАӘ, Канада, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай елдері бізге қызығып отыр.
«Жуықта мен Францияның Сыртқы істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің өкілдерімен кездесіп, спутниктерді қолдануға рұқсат алдық. Демек, Еуропа бойынша әскери нысандардан басқа шектеу шаралары алынып тасталды. Чили және Перумен жұмыс атқармақпыз, себебі олардың да біздің спутниктердің кескініне қызығушылығы зор», - дейді Атамқұлов.