Шетелдіктер Нұр-Сұлтан қаласында такси қызметімен заңсыз айналысқан
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтанда такси қызметімен заңсыз айналысқан шетелдіктер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Яндекс», «Uber» қосымшалары арқылы такси қызметімен заңсыз айналысқан 21 шетелдік ұсталған. Олардың жолаушы тасымалдауға рұқсат беретін лицензиясы болмаған.
«Аталған шетелдіктерге ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 463-бабы бойынша, яғни «тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе тиісті хабарлама жіберместен кәсіпкерлікпен немесе өзге қызметпен айналысқаны» үшін 15 АЕК (45 945 теңге – ред) мөлшерінде айыппұл салынды.
Сондай-ақ сот іс материалдарын ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 517-бабын, яғни «шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды жұмысқа орналастыру заңнамасын бұзу» мәселесі бойынша қарады. Сот қаулылары негізінде 8 жүргізуші ҚР аумағынан шығарылды. Қалған 13 жүргізуші аталмыш бапты бұзғаны үшін 25 АЕК (76 575 теңге – ред) көлемінде айыппұл арқалады», - деп жазады департаменттің баспасөз қызметі.
Департаменттің дерегі бойынша, аталған шетелдіктер тізгіндеп келген автокөліктер коммуналдық айып тұрағына қойылды.